Сіз газет оқисыз ба?

Алла деп таң аттырғанннан бастап, күндегісін күнде таң сәресілік уақытымызды шәймен бастаймыз. Шәй ішіп отырып, шүйіркелесіп жаңалық көздерін ашуға тырысып жатамыз. Таңғы астарын  ішіп отырып, шамалы уақыттарын газет-журналдар оқуға арнайтын адамдар да жоқ емес. Бүгінгі таңда жан-жақтан ағылып жатқан ақпарат көп, оған қоса ғаламтор да бар. Бұл, бір жағынан дұрыс шығар. Бірақ пышақтың екі жүзі болатыны секілді, кез келген нәрсенің жақсы-жаман жағы болады. Жақсы жағы-рухани жан дүниеміз дамыса, жаман жағы-көркем тіліміздің ақсақтауы болып саналады.

Бүгінгі буынымыз барынша телефон мен компьютерлерден ғаламтор желісі арқылы бар ақпарат құралдары мен танысып отырса, егде жастағылар газет оқығанға әуес екен. Бүгінгі мақаламның тақырыбына түрткі болған Ескелді ауданының тұрғындары. Бұл ой іс сапармен жол жүріп бара жатсам, жанымдағы жолаушы ой салды. Қызым  уақыт айтып жібересің бе деді- алғашқы сауалы. Сірә, үйде отырып, қоғамды бақылаған әже болса керек. Мені, уақыт сұрау арқылы әңгімеге тартқандай болды. Уақытты айтып бердім. Содан Балғынбала әжей алыс  жолды қысқартқысы келгендей ме әлде жоғарғыда айтқанымдай сөзге тартты. Қызым көлікке отырғалы телефоннан бір шықпадың. Көзіңді аясаңшы. Осы күннің жастарының қолына газет-жұрнал алғандарын көрмейміз… деп күрсінді. Қайсы біріне қарасаңда телефон-телефон. Міне, осыдан біздің руханилығымыз төмендейді. Көрсін, көрме демейміз. Бірақ, кітап пен газеттерді қолға алып оқығанға не жетсін дейді кейіпкер. Содан мен телефонымның диктофонын қосып, сұраққа алдым әжені.  Сіз газет оқисыз ба? Дедім.

-Әрине оқимын. Мен сізге газет пен кітаптың бір пайдасын өз өмірімнен айтайын. Менің Құдай берген 4 немерем бар. Құдай көп көрмесін. Қыздан біреу, ұлдан үшеу. Қыздың баласы Айкен үнемі телефонмен жүреді. Ұлдан көрген немерем телефонды уақытпен көреді. Мүлдем тыйым салуға ата-анасы қарсы болды. Елден қала ма деді. Баяғы өзіміз телефонсыз-ақ көштен қалған жоқпыз. Жаңағы Айкенім таңнан оянғаннан телефон, түн ұйықтағанға дейін көреді. Екі әріптің басын қосып оқиды. Соны ата-анасы сабағыңды 5-ке оқысаң алып берем деп уәде еткен екен. Содан алып берді. Міне, сол 5-ке оқыған немеремнен ертегі мен әңгімелер мазмұндарын сұрасам, қиналады. Ойы жинақталмайды. Ал, ұлдан көрген немерем Ақжол әңгіме айтқанда тілдің майын тамызады. Міне, айырмашылық. Неге дейсіз ғой, себебі туылғаннан анасы екеуміз кезек-кезек ертегі оқып, кейін есейгенде газет –журнал беттерін аштыртып дағдыландырдық. Кейіннен балам өзі әдетке айналдырды. Базардан әртүрлі газеттер мен журналдар, оқулықтар аламыз. Алмасақ, өзі сұрайды. Міне, газет пен оқулықтардың пайдасы. Тілі шұбарланбайды. Тілдік, жан дүниесінің қоры дамыйды.

-Қай мамандық иесісіз?

-Жалпы мамандығым есепші. Бірақ бұл бағытпен жұмыс атқармадым. Даяршылық қызметін істеп, содан зейнетке шықтым. Біздің кезде жұмысқа орналасу, жұмыс табу қиын болатын. Тұрмысқа шығып, үйге көңіл бөлдім. Ол кезде қазіргідей барлығы жан-жақты дамымаған. Қазір не жеймін, не көремін десеңіз бәрі бар.

-Біздің газет таныс па?

-Сіздердің газеттеріңіз жайлы сізден естіп отырмын. Біз Батыстан Бақтыбайға көшіп келгелі үш жылдай болды. Естімеппін. Бала-шағам жеке кәсіпкер. Газет-жұрналдарды газет сататын дүкендерден аламыз. Бұрынғы Алматы облыстық газеттерге өз еріктерімізбен жазыламыз.

Міне, жолаушы кейіпкерім біздің аудандық газетіміз жайлы көрмеген, естімеген. Осыдан маған ой түсті. Неге аудан тұрғындарынан сауалнама жүргізбеске. Жастарымыздың, мектеп оқушы балалардың газет-журналдар, кітап оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыру  газет-журналдарды оқуға тарту ғана емес, өз ұлтының мәдениетін, тарихын білуге ұмтылдыру, ақпараттық мәдениетін өрістету. Оқу  мәдениетін  дамыту  және  қолдау. Осы орайда мерзімді баспасөздің де атқаратын өзіндік рөлі бар.  Сондықтан да Алаш  қайраткері Ахмет Байтұрсынов: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді” деген мағыналы сөз  бекерден-бекер емес. Ал, кеттік…

Мақсат, «сатушы»

-Газет оқымаймын. Бала кезімнен кітап, газет оқуға әуестігім жоқ.

Назерке Уәлиқызы

-Уақытым жоқ газет оқып отырғанға. Керек жаңалығымды телефоннан-ақ көріп аламын. Бала мен үйде отырмын. Үлгермеймін. Үйдің жұмысы, бала тәрбиесі дегендей. Үйдің күйбең тірлігі таусылмайдығой.

Сатыпалды Төлеуов,  «Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы»

-Газет оқу керек, тоқтатпау қажет. Біздің халықты айтайын өмірлік тәжірибемнен. Көпке топырақ шашпаймын. Бірі заңды білсе, бірі білмейді. Үнемі өкімет кінәлі-  өздері емес жұмыстары, тұрмыстық жағдайлары дұрыс болмаса . Бұл дұрыс емес. Бұл газет-жұрнал беттерін ашпағандықтан. Әр жаңалықтан хабардар болмағандықтан. Олар, айтат қазір телефон бар. Заман ағымына қарай жаңалықтың бәрін көріп аламыз. Ең тиімді тәсілі деп жатады. Бұл дұрыс емес пікір. Ғаламтор желісі заман ағымына қарай шығар. Бірақ, олар көп қателесіп жатады. Бірінен бірі асамын деп, бірінікін бірі көшіріп, алмасады. Бір адам қателессе, мың адам қараңғы дей беріңіз. Ал, газет беттеріне басылған материалдарды жүз рет тексеріп, барып басылымға шығады. Міне, ақиқат қайда жатыр. Газет ол біздің тарихымыз. Баяғыдан келе жатқан көненің көзі. Тарихымыз болмай, жаңа Қазақстан қайдан болмақ. Осы газет беттері арқылы көненің көзі сақталады. Тілшілеріміз кешегін майын тамызып, тарих беттеріне үңіледі. Мен өз басым Облыстық газеттерге, аудандық газеттерге жазылып оқимын. Жалпы газеттер де ақпарат нық, айқын жазылады.  Егемен қазақстан газеттеріне шолу жасаймын. Аудандық газет өмір сүру керек.  Газет оқымаған адам, нақты айғақты біле бермейді. Ауданымызда Сұлтан Мырзабекұлы әкім болған кезінде халықпен етене жұмыс жасап, халықты ұйымдастыра білетін. Газетке жаздыратын. Халықты оқу, рухани азықтың молайуына жетелейтін. Басшы башшылыққа алмай, газет газет болмайды. Газет газет болу үшін оның өз оқырмандары болу қажет. Сол оқырмандарды ұйымшылдыққа шақырар жол басшылықта. Оқырмандарға айтарым, жалғыз аудандық газетті қолдарыңызға алып, қолдау көрсетіңіздер. Жалпы газет оқыңыздар. Біз өмір сүру жолымызда бәрін жасадық қолдан келгенше. Жүрген жерімде, балаларыма да айтып отырамын. Газет –жұрнал оқыңдар деп. Ол біздің тарихымыз. Тарихымыз болмай бүгініміз болмайды.

Мақпал Қанатқызы, дәрігер.

-Оқимын. Жазылғанмын. Әр апта сайын бір мезгіл уақытымды бөлемін. Ауданымызда нендей өзгерістер болып жатқанынан хабардар боламын. Жалпы газетке шығып жатқан мақалалар маған ұнайды. Тілшілері жақсы жазады. Аудандық газеттің болғаны жақсы. Ауданға қарасты ауылдық округтердің де өмір тарихтарынан мәліметіміз болады. Қызметкер болғандықтан, кейде бір жақсы майталман мамандардан тәжірибе алмасуға асығып жатамыз. Міне, осындай жағдайларды газет беттерінен алған орынды. Қазіргі ғаламтор желісі деп жатсыз. Ол да керек. Кейбір шұғыл қажет болып жатқан ақпараттарды содан да аламыз. Екі жақта тепе –тең қажетті, керек етеді. Өз басымда газет-журналдардың бетін ашсам жаным рахат тауып, демалып қалады. Маман ретінде оқырмандарға айтар кеңесім. Оқу тәжірибесі кетіп, оның орнын теледидар мен видеоақпарат басып келе жатқандықтан кітап мәдени мінез-құлықты қалыптастырушылардың артқы шебіне өтті. Оқудан қалған адам миының маңызды бөліктерін жаттықтырудан да қалады, қиялдау, сезіну ұшқырлығынан, көңіл-күй сергектігінен және ойлау шапшаңдығынан айырылады. Бұл қасиеттер ақыл-ойды жұтатады, оның шығармашылық әлеуетіне зиян әкеледі. Одан кейін, көру қызметтеріне де өз зиянын туғызып жатады. Ғаламтордағы жаңалықты оқығанмен, рас-өтіргіне көз жетпейді. Қазір көп журналист оқырман алдындағы зор жауапкершілікті сезінбей, жылдамдыққа ғана ден қояды. Сондықтан қолда бар ақпаратты дұрыс-бұрысын тексерместен жариялайтын кездер болады. Егер оқиғаға тікелей қатысты адамнан сұқбат алынған болса да, ол тек шындықты айтқанына ешкім куәлік етпейді. Ақ-қарасы анық болмаған соң, жағдайға пікір айтуға асықпаңыз. Өз болжамыңызды айтқанда, естіген жан оны басқаға айтады. «Қосып айтпаса, несін айтатын» өтірік-өсек осылай туады. Жағымсыз ақпарат болса, суреттерін, бейнежазбасын көріп, босқа жүрек ауырады. Ескерусіз қалдыруға болмайтындай ақпарат болса, елдің бәрінің аузында жүреді. Солай-ақ хабардар боласыз. Адамдардың сөзіне күмән келтірген кезде ғана арнайы іздеп, дәл сол жаңалықты оқуға болады. Жадыңызды пайдасыз ақпаратпен толтырмаңыз. Жаңалық түгілі, көшеде ілінген жарнамаларды оқығанның өзінде, миымыз ақпаратпен тола береді. Қажетсіз мәліметпен толған миға кезегі келгенде керекті мағлұмат қонбайды. Содан кейін есте сақтау қабілетіңіз нашарласа, өзіңізден өзге кімге өкпелерсіз? Қазір газеттен жаңалық оқитын жан некен-саяқ екені аян. Ал интернетке кіріп ақпарат алсаңыз, бірінен бірі қызықты боп көрінетін жаңалықтардан бас ала алмайсыз. Бір сілтеме арқылы екіншісіне өтіп, уақытыңыз қалай өтіп кеткенін аңғармай қаласыз. Босқа өткен сол уақыт орнына, тіл үйрену, кітап оқу сынды пайдалы іспен айналыссаңыз, өз бағаңызды арттырасыз.

Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі сізді тек ақпарат берумен қатесін түзеуге бағытталған. Кез келген журналистің бірінші біліктілігін арттыру газеттен, журналдан бастау алу керек. Тегінде Қытайда мектеп оқушыларына қаламмен (ручка) жазғызбайтын. Жазуларыңды бұзады деп. Оның орнына сиялы қаламмен жазуға үгіттейтін. Сол секілді қалам мен сиялы қаламның айырмасы бар. Біреуі дайын өнім, екіншісі еңбек. Себебі сияға малып мәнерлеп жазу – тәрбие. Осы тұрғыдан келгенде газеттің бәсі басым екенін айту керек-деп Ақан тілшіміз дөп басып айтқан. Тегіне жүгінсек Ескелді аудандық газет өмір сүру керек. Ауданның жалғыз айнасы, көзі, құлағы, тілі. Жаңалық жаршысы. Саулнамамның өзі айқын. Жүз пайыз халықтың сексен пайызы газеттің оқырманы деп айтсам қателеспеймін. Газет жылдан жылға өз оқырманын көбейтіп, жақсы жаңалықтар мен ақпараттарға толассыз жұмыс атқарады деген сенімім бар. Адам болған соң қателеспейтін адам жоқ. Сүрінбейтін тұяқ жоқ. Атап, дәлдеп айтпай-ақ қояйын. Менсіз де түсінер. Аузы – мұрны қисық болса да байдың баласы сөйлесін деген заманның ағысы қатты болып тұр. Астарлады дерсіз, амал жоқ. Кейбір басшылардың арқасында газетіміз өз оқырмандарынан айырылып қалғаны мәлім.  Халқым барда, газет бар…  Бұл сауалнамам халқымның жүрегіне ой салар. Халқым оянар.

Сіз газет оқисыз ба? Газеттің жарыққа шығуына үлес қосасыз ба?

Арай Әділ