«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда (делдал, екі тарапты мәмлеге келтіруші үшінші тұлға) деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз ресімі.
Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру ресімі деп түсіндіруге болады. Медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріп дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған. Тараптарға тиімді тәсіл әрі дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы жария етілді. Аталған заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралыі стер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. Әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды.
«Медиация туралы» заңмен 1-бабында оның қолданылу аясы белгіленген. Егер Қазақстан Республикасы заңдарында басқаша белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын даулар, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дау-шарлар медиацияның қолданылу саласы болып табылады. Медиация, яғни, ара-ағайындық негізінен тұрғын үй, еңбек, отбасылық және көршілер арасындағы даулар мен кикілжіңдерді шешуде қолданылады.
Азаматтар дауын сотқа беріп қойған соң, қайтып алуға болмайды деп ойлайды. Медиацияның ерекшелігі сол, бәлкім ыңғайлылығы да болар – дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлар шешіміне ұсынуға болады. Іс медиация рәсіміне берілгенде, сот іс жүргізуді тоқтата тұрады. Медиация нәтижесінде мәмілеге қол жеткізілсе, дауды реттеу туралы келісім жазбаша түрде жасалады, екі жақ қол қояды. Дау-шарды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде, келісімді көзделген тәртіппен және тағайындалған мерзімде орындауға тиіс. Медиация тек жеке құқықтық қатынастарға ғана қолданылады. Ол тараптардың бірі мемлекеттік орган болатын құқықтық жанжалдарға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.
Бүгінде бүкіләлемдік тәжірибеде медиация ірі бизнестерден бастап, ажырасу мен дүниені бөлісу деген сияқты мәселелерге дейін кеңінен қолданылады. Халықаралық статистикаға жүгінетін болсақ, бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы медиация арқылы өткізіледі, ойдағыдай нәтижеге оның 85 пайызы ие болады екен.
Ұлан МАМЫТБЕК
Ескелді аудандық сотының судьясы