Заманның заңғар жазушылары

Н.Алдабергеновтың мемориалды музей қызметкерлері «Рухани жаңғыру бағдарламасы» бойынша  ғылыми ізденістер аясында есімі  аңызға айналған колхоз құрылысының көрнекті қайраткері Екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов туралы тарихи естеліктер мен деректер жинақтап  музей жұмысы мен тарих саласын дамытып отыр. Соның бірегейі Н.Алдабергеновтың өзінің ғибратты ғұмырында Республикаға әйгілі халқымыздың сынды алыптарымен достық қарым-қатынаста болған тарихи естелік туралы сыр шертпекпіз.

Ол сырлас болған адамдар арасында атақты ақындар мен жазушылар да бар. Олардың көбісі Н. Алдабергенов туралы кітаптар мен өлең-шумақтар жазып, оның іскерлік адамгершілік қасиеттерін көпке паш етті. Солардың бірі қазақтың көрнекті халық жазушысы Сәбит Мұқанов «Нұрмолда Алдабергенов туралы аңыз» поэмасын жазса, әдеби жазушы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Ғабит Махмұтұлы  Мүсірепов, Нұрмолда Алдабергеновтың еңбек жолы мен  басқарған колхозы туралы өлеңдерімен жазылған әңгімелер кітаптары қазіргі таңда  музей экспозициясының төрінен орын алып тұр. Бұл ұлы ақын жазушылардың кітабын  оқыған адам көп сырға қанығады.

1957 жылы Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин бастаған бір топ ұлы ақын жазушылар Сталин атындағы колхозға арнайы іс сапармен келген кезде, Н.Алдабергенов ата – дәстүрімен қарсы алып, соның ішінде Мұхтар Әуезовтың 60 жасқа толуына   байланысты ұлан-асыр той жасап,   бір жүйрікті ер-тоқымымен сыйға тартқан еді.

Нұрмолда Алдабергеновтың басқарған колхоз шаруашылығының өсіп-дамуына, экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, «миллионер» дәрежеге жеткізген, еліне ерен еңбек етіп, мұң-мұқтажына құлақ түре білген колхоз азаматтарына Мұхтар Әуезов,  Ғабит Мүсірепов ақын жазушыларының атынан өлең шумақтарымен алғыстарын білдірді.

24 сағат ішінде,

Өңім түгіл түсімде,

Сендей колхоз көрсемші

Толықсыған күшінде,

Жазушыдан көп алғыс,

Үлкеніңе, кішіңе!

Ғ. Мүсірепов.

28. 08. 1957 жыл.

Облыстың мол қазынасын сақтағанын,

Отанның өр талабын ақтағанын,

Колхозы Сталиннің атындағы,

Сендердің ерлігіңмен мақтанамыз.

Мұхтар Әуезов

1958 ж. 19 май.

Тарихи деректерге сүйене отырып,  Н.Алдабергеновтың мемориалды музей қызметкерлері  Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 125 жыл, Ғабит Мүсіреповтың 120 жыл толуына орай, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жолында «Заманның заңғар жазушылары» атты танымдық шара   ұйымдастырды. Аталмыш шарада  жазушылардың өмірі мен еңбек жолы туралы бейнефильм көрсетіліп, шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, шараға қатысушылар жазушылардың шығармалары жайлы ой қозғап, публицистикалық мұрасы және бүгінгі руханият әлемі туралы тың деректерге қанықты. Өз қаламынан туған асыл қазынасы арқылы барша қауымның жүрегіне жол тапқан жазушылар халқымен қашанда мәңгі-бақи бірге болмағы табиғи құбылыс.

Г.Е.Шаймуханбетова,
Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің меңгерушісі