ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

27 маусым күні Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы Гүлнәр Тойлыбаеваның төрағалығымен Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, кеңес мүшелері ұсынысымен ұйымға Ерғазы Қошанбекұлы төраға болып сайланды.

Ерғазы Қошанбекұлы Қошанбеков 1955 жылы 25 қыркүйекте Алматы облысы Күрті ауданы Қарабек ауылында дүниеге келген. Алматы малдәрігерлік институтын және Д.А.Қонаев атындағы университетті бітірген. Еңбек жолын Балқаш ауданы Балатопар ауылында кеңшар жұмысшылары кооперациясының азық-түлік дүкенінің меңгерушісі болып бастап, әр жылдары «Құйған» кеңшарының кадр жұмысы бөлімінің инспекторы, ферма зоотехнигі, меңгерушісі, «Желтораңғы» кеңшарының бас зоотехнигі, Т.Бокин атындағы кеңшар директоры, Күрті және Балқаш аудандары ауылшаруашылығы басқармаларының бастығы, Балқаш ауданы әкімінің бірінші орынбасары және Балқаш ауданының әкімі, сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Сарқан ауданының әкімі қызметтерін атқарған. «Ерен еңбегі үшін», мерекелік медальдармен марапатталған, «Құрмет» Орденінің иегері. Балқаш, Сарқан аудандарының құрметті азаматы.

 Сонымен қатар, отырыста қоғамдық кеңестің қызмет бағыттары бойынша комиссияларын құру, төралқа құрамын сайлау, кеңес туралы ережені бекіту, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру сұрақтары қаралып, талқыланды. Жиын соңында кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, алдағы атқарылар жұмыстар реті айқындалды.

Жетісу облыстық мәслихатының баспасөз қазметінің тілшісі.