Әлеуметтік-еңбек саласы бойынша Қоғамдық кеңестің онлайн-отырысы шеңберінде кеңес мүшелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасының жұмыс барысымен танысты.
«Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасының негізгі новеллалары туралы Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және болжамдау департаментінің директоры Динара Жұбанова айтып берді.
Ол Заң жобасында өмір бойы оқыту тұжырымдамасын іске асыру үшін бейресми және информалды білім беруді тану көзделгенін атап өтті.
Сондай-ақ, Заң жобасында кәсіби біліктіліктерді ерікті негізде танудың бірыңғай тәртібі белгіленеді, бұл қызметкерлердің кәсіби жарамдылық деңгейін тәуелсіз бағалауды дамытуға ықпал етеді.
Бұл ретте ерікті негізде кәсіби біліктілікті тануға үміткер адамдардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын болады. Бұл нормалар кәсіби біліктіліктерді тану рәсімінен өту кезінде азаматтардың мүдделерін қорғауға ықпал етуге арналған.
«Мемлекеттік органдардың кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша функциялары айқындалады, Ұлттық біліктілік жүйесінің үш деңгейлі моделі бекітіледі. Бұл мемлекеттік органдар жанындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер, сондай-ақ кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган және ҚР Үкіметі жанындағы Ұлттық кеңес үшін жауапкершілік аймағын және іске асырылатын міндеттер шеңберін айқындауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Динара Жұбанова.
Бұдан басқа, Заң жобасында ваучерлік жүйені енгізу көзделген, оның шеңберінде жұмыс іздеп жүрген адамдарға кәсіби біліктіліктерін тану үшін тегін ваучерлер берілетін болады. Бұл азаматтардың қайта мамандануға және жаңа кәсіптерді, дағдылар мен құзыреттерді игеруге қосымша уәждемесі болады.
Қоғамдық кеңестің отырысы барысында 2021 жылы даму жоспарының түйінді нысаналы индикаторларына қол жеткізу туралы ЕХӘҚМ есебі, 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының жобалары және 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламалар қаралды.