Тау бөктеріндегі тартысты дода

Жуырда аудандағы Екпінді ауылында орналасқан «Тау-Жетісу» демалыс аймағында парапланерлік спорттың дәлме-дәл қону түрінен әлем кубогы аяқталды. 27 мемлекеттің 100-ден аса спортшысы бас қосқан дүбірлі доданың ұйымдастырылуына шетелдік қонақтар таңдай қағысты. Өйткені, тек ауданның не облыстың мәртебесін ғана емес, тұтас елдің абыройын асқақтатар бәсекенің мәні зор.

16-маусымда жалауы желбіреген халықаралық доданың ашылуына аудан әкімі Рустам Әли қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Тек ауданның емес, тұтас өңірдің жанашырына айналған аудан басшысы Жетісу жерінің тарихына үш тілде кеңінен тоқталды. Келген спортшыларға толық ақпар бере келе, әр командаға естелік сыйлық табыс етті. Одан кейін Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров сөз сөйлеп, спортшыларға тілегін білдірді. Доданың ашылу салтанатынан кейін меймандарға ән мен жырдан шашу шашып, қазақтың ақшаңқан үйлері тігіліп, салт-дәстүрімізден сыр шертетін шағын көрме таныстырылды. Сонымен қатар, ұлттық тағам ұйымдастырылып, қонақтарға дастарқан жайылды
Ауданда екінші мәрте өтіп отырған әлемдік доданың шартына сай бәсекеге қатысушылар таудан парапланмен ұшып, белгіленген нүктеге дәл түсулері керек. Кіл мықтыда кім мықты деген. Жарыс қорытындысына сай жасөспірім ұлдар арасында Түркия азаматы Керем Динчер шашасына шаң жұқтырмай, бас жүлдені қанжығасына байласа, Корей елінің өкілі Джин Хун Юу жүлделі екінші орынға жайғасты. Ал Түркияның келесі өкілі Харун Карэтеке үздік үштікті түйіндеді. Қыздар арасында доданың барлық жүлдесін отандастарымыз еншілерді. Бас жүлдені Адель Ниязова меншіктесе, екінші және үшінші орынды Альбина Виршки мен Яна Асқар өзара бөлісті. Ерлер арасында түркиялық Умит Акшил қарсылас шақ келтірмесе, екінші орынға жерлесіміз Алмас Ахметов, үшінші орынға сербиялық Драган Попов жайғасты. Әйелдер арасында оңтүстіккореялық Дагием Лиге шақ келер ешкім болмады. Есесіне екінші орынды түбіміз бір түрік елінің өкілі Мерви Канмаз қанжығасына байласа, үшінші орынға Дагием Лидің отандасы Донча Янг жайғасты. Жарыс қорытындысына сай ересектер арасындағы жалпы командалық есепте Сербия көш бастаса, Тайланд екінші орынды місе тұтып, үшінші орынға Түркия жайғасты.
Айтпақшы, атаулы халықаралық байқаудан соң, 21-маусымда Екпіндідегі «Тау-Жетісу» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде атаулы спорт түрінен Азия чемпионатының да шымылдығы түрілді. 29-маусымға дейін жалғасатын додаға БАӘ, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Иран, Қазақстан, Үндістан, Моңғолия, Корея, Тайланд, Алжир, Сербия, Жапония, Чехия, Эстония, Оман, Өзбекстан, Албания сияқты 17 елден 70-тен астам спортшы қатысуды. Салтанатты жиынға кездесу жөніндегі директор — Рустам Абубакиров, стюарт — Риека Вилкуна, қазылар алқасының президенті — Зелько Овука, қазылар алқасының мүшесі — Туул Чоксомжав, бас төреші — Кунген Пак қатысты. Алдағы нөмірлерде атаулы Азияның байрақты бәсекесінің қорытындысы туралы жазатын боламыз.

ЖШ Ақпарат