Бейбіт Исабаев депутаттармен кездесті

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев  облыстық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттарды бірлесіп талқылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен Бейбіт Исабаев көпшілікті жаңа облыстың құрылуымен, сол сияқты жеке бөлініп шыққан Жетісу облыстық мәслихатының өз жұмысын бастап жатқанымен құттықтады:

— Облыс әкімі қызметіне тағайындалуыма келісім берген депутаттарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Екінші кандидатты қолдаған депутаттардың пікіріне құрметпен қараймын. Әр азаматтың ой пікірін, шешімін еркін айтуға мүмкіндік беру еліміздегі жаңа саяси мәдениеттің қанат жаюына жол ашады. Өңір басшыларының баламалық негізде мәслихатпен келісілуі референдумда қабылданған Ата заңымызға енгізілген саяси өзгерістердің нақты жұмыс істей бастағанын көрсетеді. Егер біз Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, әрқайсымыздың үніміз ескерілуі керек, пікірлер плюрализмін қабылдай білуіміз керек. Бұл — демократияны дамытудағы қалыпты саяси процесс. Бүгін сіздермен жүзбе-жүз кездесіп, өңірдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарын ақылдаса отырып анықтауды жөн көрдім. Басты мақсат-мұратымыз – халықтың әл-ауқаты мен лайықты өмір сүруіне барынша жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, өңірге жаңа инвестициялар тарту, — деп атап өтті Б.Исабаев.

Сол сияқты Референдумға жетісулықтардың белсенді қатысып, Президенттің жаңа саяси реформаларына қолдау білдіргенін айтты. Сонымен бірге күні кеше ғана Ұлытау жерінде өткен Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысына қатысқандар арасында біздің облыстың да делегаттары болғанын тілге тиек етті.

Депутаттар өз сөздерінде қант қызылшасы алқабының көлемін ұлғайту, суару жүйелерін қалпына келтіру, қант зауыттарын қайта іске қосу, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету, Алакөл көлінің жағалауын бекіту, жол жөндеу, жастарды жұмыспен қамту мәселелері туралы ой бөлісіп, пікір қосты.

Кездесу соңында Жетісу облысының әкімі агроөнеркәсіп кешенінде алда үлкен жұмыстар тұрғанын, шешімін күткен міндеттердің бәрін бірлесіп рет-ретімен жүйелеп алу керектігін айтты. Бұл ретте құрылыс, газдандыру, жол, ауыз су мәселелері де назардан тыс қалмайды. Бейбіт Исабаев депутаттарды аталған мәселелердің оңтайлы шешілуіне белсене атсалысуға шақырды.

«Мәслихаты ықпалды, мемлекеттік органдары жауапкершілікті сезінетін, азаматтары белсенді, есейген қоғам құрамыз десек, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», — деді Б.Исабаев.