Алматыда Орталық Азиядағы энергетикалық, су және жер ресурстарын пайдаланудың жүйелі шаралары талқыланды

2022 жылғы 16 маусымда Алматы қаласында Орталық Азиядағы энергетикалық, су және жер ресурстарын пайдаланудың өзара жүйелі байланысы мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі 2-ші диалог өтті. Аталған іс-шараны Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) бірлесіп, Германияның Қоршаған орта, табиғатты қорғау, ядролық қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау федералдық министрлігінің қолдауымен өткізді.

Іс-шараға Орталық Азия мен Германия елдерінің делегациялары, БҰҰ ЕЭК, ФАО, ЕҚДБ, ХҚКК ҒЗО, ХАҚҚ, Дүниежүзілік банк, АДБ, ЕҚЫҰ, GIZ, ЮСАИД, РЭЦЦА және т.б. өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында сындарлы диалог жүргізіліп, «Орталық Азиядағы энергетикалық, су және жер ресурстарын пайдаланудың жүйелі өзара байланысы» өңірлік жобасы шеңберінде одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттары мен нысандары талқыланды.

«Біздің күш-жігерімізді шоғырландырмай және халықаралық қоғамдастықтың қолдауынсыз біздің өңірдегі экологиялық дағдарыстарды еңсеру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Осыған байланысты, Қазақстан Орталық Азия елдері үшін энергетикалық, су және жер ресурстарын пайдаланудың өзара жүйелі байланысы жөніндегі жаңа өңірлік жобаны іске асыруды орынды деп санайды. Жоба климаттың өзгеруін ескере отырып, жоспарлау процестері мен жүйелі өзара байланыс тәсілдерін өзгертуге және энергетика, су және жер ресурстары саласында өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шешімдер әзірлеуге мүмкіндік ашады деп үміттенеміз», — деді З.Сүлейменова.

Ол сондай-ақ Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі батыл іс-қимылдарға басым назар аударатынын атап өтті. Мұны Климаттық амбициялар саммитінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу ниеті туралы мәлімдеме растайды.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазіргі уақытта төмен көміртекті дамуға көшуден елдің экономикалық және әлеуметтік артықшылықтарын көрсетуге бағытталған Қазақстанның төмен көміртекті дамыту жөніндегі 2060 жылға дейінгі Стратегиясы пысықталуда.

Қазіргі уақытта Қазақстан квоталарды ақылы бөлуден және халықаралық және жеке қаржы институттарынан қаржыландырудың өзге көздерін және климаттық жобаларды іске асыруға арналған қорларды тартудан алынған қаражатты шоғырландыру үшін карбон қорын құру бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұдан басқа, ұлттық заңнаманы жаңарту шеңберінде климаттың өзгеруіне бейімделу процесін іске асыру бойынша нормалар енгізілген, бұл жергілікті деңгейде, сондай-ақ су ресурстарын, ауыл шаруашылығын, орман шаруашылығын қоса алғанда, климаттың өзгеруіне неғұрлым осал секторларда климаттың өзгеруіне төзімділікті арттырудың тиімді жүйесін құруға және зілзала қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, вице-министр Жоба шеңберінде өңір елдері үшін халықты хабардар ету және қауіпті табиғи құбылыстардың мониторингі бойынша халық пен кәсіпорындарға су тасқыны, орман өрттерінің таралуын анықтау және алдын алу сияқты төтенше жағдайлар туралы ақпаратты жылдам бере отырып, бірыңғай автоматтандырылған жүйе құру мәселесін қарауды ұсынды.

Іс-шара шеңберінде қаралған тағы бір мәселе Орталық Азия елдерінің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап бермейтін Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын басқару саласындағы шарттық қатынастар жүйесі мен институттарға қатысты болды.

Осыған байланысты аймақ елдеріне өңірдегі барлық елдердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуді ескере отырып, Арал теңізі бассейнінің су-энергетикалық ресурстарын пайдалану бойынша ынтымақтастықтың тиімді тетігін әзірлеу ұсынылды.

Қорытындылай келе, З.Сүлейменова Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) басшылығымен БҰҰ ЕЭК, ЕҚДБ, ФАО және ҒЗО-мен ынтымақтастықта жоба шеңберінде өңір елдері арасында өзара байланыс орнату жөніндегі жобалық консорциум бастамасын толық қолдайтынын және осы жобаны іске асыру нәтижесінде нақты экономикалық және экологиялық пайда алуға үміт артатынын білдірді. Жаңа жобаны іске қосу ағымдағы жылдың 4 тоқсанына жоспарланған.

ҚР ЭГТРМ