Аккредиттелген Халал сертификаттаудың түзілген жүйесі – Қазақстанда Халал секторының дамуының негізі

Дүкен сөрелерінде немесе қоғамдық тамақтану орындарында сіз Халал сөзін қаншалықты жиі естисіз немесе حلال белгісін көресіз? Сіз бұл терминмен таныссыз ба?

Халал – қарқынды дамып келе жатқан діндердің бірі Ислам дінін ұстанатын бір жарым миллиардтан астам адам үшін құндылықтар жүйесі болып табылады. Араб тілінен аударғанда Халал «рұқсат етілген» дегенді білдіреді және мұсылман өмірінің барлық салаларын, тұтынылатын тағамнан, қызмет көрсетуден бастап, тұлғааралық қатынастарға дейін реттейді. Айта кету керек, Ислам қағидалары тұрғысынан мұсылмандар үшін қасиетті кітап – Құранда тыйым салынған деген нұсқаулары жоқтың барлығын тұтынуға рұқсат етілген. Оған дәлел Құранның келесі жолдары болып табылады: Алла Тағала айтады: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам …» Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» «Әнғам» сүресі, 145 аят.

Бұл Құранда рұқсат етілген және тыйым салынған жалғыз сілтеме емес. Мұсылмандардың қасиетті кітабында тамақ пен алкогольге қатысты он шақты аят бар. Бірақ аят мәтінінен көріп отырғанымыздай, пайдалануға тыйым салынған өнімдердің белгілі бір шеңбері ғана қарастырылған. Тіпті бұл жағдайдың өзінде, егер тыйым салудың тікелей немесе жанама белгілері болмаса, онда күнделікті өмірде өнім үнсіз келісім бойынша рұқсат етіледі. Алайда, бұл әр діндар адамнан өнімді тұтынар алдында тыйым салынған заттың болуына тексеру міндетінен босатпайды. Бірақ қарапайым тұтынушыда өнімге жылдам қарай сала, оның Халал мәртебесін анықтау үшін қажетті білім мен құзыреттілік қайдан келеді? Бұл ретте бұған дейін мұнымен байланысты өндірушілердің ішкі нарықта орналасуына байланысты проблемалар болмаса, ал Халал мәртебесі мәселелері адат (мұсылмандардың әдеттегі құқығы) бойынша қойылмаса, ал енді жаһанданудың, әлемдік нарықтың ашықтығының және тамақ және химия өнеркәсібінде консервация технологиясының дамуының әр адамның өміріне әсерімен трендтерді бақылау мүмкін болмай отыр. Сатып алушылар Ислам қағидаларын байқаусызда бұзып алудан қорықпай, азық-түлікті тұтынулары үшін, соңғы онжылдықтарда бүкіл мұсылман әлемінде аккредиттелген Халал сертификаттау саласы белсенді дамып келеді. Саланың дамуына, құрамында шошқа етінен, өлген малдан, жануарлардың қанынан, ГМА-дан немесе канцерогенді заттар мен алкогольден алынған ингредиенттер, сондай-ақ консерванттар, тағамдық қоспалар, ферменттер мен шығу тегі Халал емес микроағзалар тәрізді мұсылмандар үшін тыйым салынған өнімдердің пайда болуы мен кең таралуы түрткі болды.

Осылайша, дәстүрлі түсінікпен салыстырғанда, қазіргі уақытта Халал бұл жеткізілімдер мен өндіріс тізбегінің кешенді құрылымы болып табылады, оны келесі тезистік тұжырыммен сипаттауға болады: «Аккредиттелген Халал сертификаттауы – бұл барлық кезеңдерінде өндірістік циклдің барлық аспектілері тексерілетін және Халал өнімдерін одан әрі «егістен шанышқыға дейін» жылжытатын тұтас сапа жүйесі». Халал өнімдері мен көрсететін қызметтерін өндірушілер мен дистрибьюторлардың халықаралық саудаға қатысуы олардың аккредиттелген Халал сертификаттаудан өтуіне алғышарттар жасайды, бұл өз кезегінде Халал сертификаттауды ерекшелік емес, керісінше қалыпты жағдай етеді. Себебі, тек аккредиттелген Халал сертификаттауы өзінің ерекшелігіне байланысты мұсылман тұтынушыларының сенімін қамтамасыз етуге және өнімнің немесе көрсетілетін қызметтің Халал мәртебесіне қатысты кез келген түсінбеушіліктің алдын алуға қабілетті.

Сонымен, аккредиттелген Халал сертификаттауы дегеніміз не?

Аккредиттеу – бұл тәуелсіз тұлғаның (Аккредиттеу жөніндегі орган) басқа тұлғаның (Сертификаттау жөніндегі орган) мәлімделген қызмет саласы бойынша жұмыстарды орындауға құзыретті екенін ресми түрде мойындауы. «Аccredo» сөзі латын тілінен «Сенім» деп аударылады. Басқаша айтқанда, Аккредиттеу жөніндегі орган (объект) өндірушінің (өтініш берушінің) стандарттың (- тардың) белгіленген талаптарына сәйкестігін бағалауға Сертификаттау жөніндегі сенімді органға (субъектіге) жұмысқа дайындығын растай отырып, сенім кредитін береді. Жалпы алғанда, сәйкестікті бағалау жүйесінің көрінісі келесідегідей: аккредиттеу – сертификаттау және өнімді сынау – өнім.

Аккредиттелген сертификаттаудың кез-келген жүйесін, оның ішінде Халалды құрудың дұрыс тәсілі осы жүйенің жұмыс істеуі үшін қажетті стандарттарды әзірлеуден және қабылдаудан басталуы керек. Барлық қажетті стандарттар болған жағдайда ғана толыққанды жүйе құрылады. Стандарттардың өздері деңгейлерге/санаттарға бөлінеді. Осылайша, кейбір стандарттар аккредиттеу рәсіміне қойылатын талаптарды белгілейді. Басқалары сынақ рәсіміне, ал үшіншілері сертификаттау рәсіміне, соның ішінде: өнімдер мен көрсетілетін қызметтер өндірісінің процестерін сертификаттау, сапа менеджменті және персоналдың, үй-жайдың, сақтаудың, таратудың және т.б. құзыреті.

Аккредиттелген Халал сертификаттауының артықшылықтары қандай?

Аккредиттеу Сертификаттау жөніндегі органдарға деген сенімді арттырады. Өз кезегінде, Сертификаттау жөніндегі органдар Халал өнімдерін өндірушілерге стандарттың(-тардың) жоғары талаптарын береді. Өндірушілер сертификаттау арқылы тұтынушыларға экологиялық таза, ислам нормаларына сәйкес жасалған және жоғары сапалы өнімдер ұсынады. Демек, аккредиттелген Халал сертификаттаудың оң әсері соңғы тұтынушыға қолданылады. Сонымен қатар, ол өндірушілерге шешуші артықшылық береді және тез дамып келе жатқан Халал индустриясының жаһандық нарығында бәсекеге түсуге мүмкіндігін береді.

Сарапшылардың пікірінше, Халал индустриясының әлемдік нарығының өндірісі жылына 2 триллион АҚШ долларына бағаланады. Бұл ретте, жер тұрғындарының 20%-дан астамы мұсылмандар, ал Ислам – әлемнің 30-дан астам елінде ресми дін болып саналады. Бұл көрсеткіштер жиынтықта Халал индустрия нарығына жылына шамамен 5,2% өсу қарқынын береді. 2030 жылға қарай мұсылман халқының тек мұсылман көпшілігі бар елдерде 2,3 миллиард адамға дейін өсуі болжанады. Бұған мұсылмандардың өздерінің прогрессивті сатып алу қабілетін және дәстүрлі мұсылман емес елдердегі мұсылмандар санының өсуін, сондай-ақ мұсылман емес салауатты өмір салтын жақтаушылар қатарынан тұтынушылардың Халал өнімдеріне деген қызығушылығының артуын қосыңыз. Сонымен бірге, аккредиттелген Халал сертификаттау қызметі тек тамақ өнімдерін, сусындарды немесе қызметтерді ғана емес, сонымен қатар косметика, жеке гигиена заттарын, фармацевтика және басқа да тұтыну тауарларын қамти отырып, дамуын жалғастыруда. Осылайша, таяу болашақта Халал индустриясының жаһандық нарығының өндіріс көлемі шамамен 3 триллион АҚШ долларын құрайды деп болжануда.

Қазақстанда Халал сертификаттауының пайда болуы.

Қазақстанда Халал сөзі тоқсаныншы жылдардың аяғы мен нөлінші жылдардың басында қолданысқа ене бастады жәнеде ет және ет өнімдерімен байланысты болды (әрине, қазақстандықтар Ислам нормаларымен бұрын да, 1917 жылғы революцияға дейін және Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдықтарында да таныс болған, бірақ қазір бұл туралы емес). Әдетте, бұл шұжықтарда шошқа етінің жоқтығын немесе шариғат талаптарына сәйкес мұсылмандарға қолдануға рұқсат етілген жануарларды союды білдіретін. Сәл кейінірек тұтынушылар сиыр және қой еттерінде шошқа майының жоқтығына назар аудара бастады. Жеке дүкен сатушылары мен ірі желілер сатушыларының өз өнімдерінің Халал мәртебесі туралы сенімдеріне сене отырып, тұтынушылар бұл өнімдерді сатып алып отырды. Дегенмен, осы салада жүйеліліктің болмауы іскер адамдарды тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына өз өнімдерін «Халал сертификаттау» бойынша қызметтер көрсетуге итермеледі. Халал өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жүйесі құрыла бастаған сияқты болды. Бүгінгі таңда осы саладағы жағдай қаншалықты және қай бағытта өзгерді?

2005 жылы отандық нарықта алғашқы «Халал сертификаттауды жүргізетін компаниялар» пайда бола бастады. Сол 2005 жылы ҚР СТ 1353-2005 «Халал» пісірілген шұжықтар» Жалпы техникалық шарттар» бірінші ұлттық стандарты қабылданды. Сөрелерде «حلال» таңбасы бар «сертификатталған» өнімдер пайда бола бастады. Жаңа лейбл сатып алушылардың назарын өзіне аудара алды, ал мұсылмандардың қуанышында шек болмады, себебі «бұл жаңалық» олардың діни сенімдерін қанағаттандыратын өнімдерді іздеу уақытын үнемдеді. Бұл, өз кезегінде, белгілі бір кезеңде қазақстандық мұсылмандардың Халал өнімдерін өндірушілерге деген сенімін нығайтты. Алайда, кейбір өндірушілердің шұжық бұйымдарында шошқа ДНҚ-сы мен басқа да тыйым салынған ингредиенттердің табылғаны туралы ақпарат БАҚ-та бірнеше рет пайда болғаннан кейін, құлшынысты тұтынушылар «Халал» деп аталатын өнімдерге күмәндана бастады. Мұндай оқиғалар тіпті адал Халал өнімдерін өндірушілердің де беделін жоғалта бастауына әкелді. Кәсіпорынды бағалау кезінде жоғарыда аталған немесе кейбір халықаралық «сертификаттау компаниялары» стандарты басшылыққа алды ма, жоқ па, белгісіз болып қалып отыр, себебі бұл стандарттар осы «компаниялардың» ресурстарында ашық қолжетімділікте болмады. Өз кезегінде, бұл сертификаттау рәсімдері мен өлшемшарттары туралы ақпаратқа қолжетімділік талаптарын бұзу болып табылады. Өндірушілердің өздерінің стандарттың талаптарымен танысқандығы да белгісіз. Шынында да, егер кәсіпорынның жауапты персоналы олар ұстануға тиісті талаптармен таныс болмаса, онда «компаниялар» өз қызметін бағалау жұмыстарын, кей жағдайда тіпті құзыретсіз жұмыстарын іс жүзінде жүргізді және жүргізуді жалғастырып келеді, ал аудиторлар біліктілігі төмен болған жағдайда, формалды аудит жүргізулері мүмкін. Егер өндірушілерде өздері сертификатталатын барлық Халал стандарттарына қолжетімділік болса, демек, олар өз өндірістерін де стандарт талаптарына сәйкестікке келтіре алады. Бұл жағдайда «сертификаттау жөніндегі компаниялардың» жұмысы сәйкестікті немесе сәйкессіздікті растауға келіп тіреледі.

Осы «компанияларды» аккредиттеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Олардың кейбір өкілдерінің айтуынша, олар Малайзиялық аккредиттеу органында аккредиттелген және солардың стандарттары бойынша жұмыс істейді. Алайда, бұл ақпаратты растау немесе жоққа шығару да мүмкін емес. Сонымен қатар, Малайзияның Халал аккредиттелген сертификаттау жүйесі сыбайлас жемқорлық және аудиторлардың кәсібилігінің төмен деңгейі, өндірушілердің Халал талаптарын орындамауы және т.б. тәрізді бірқатар бұзушылықтарға жол берді, осылайша халықаралық мұсылман қауымдастығының алдында өз-өзінің беделін түсірді, себебі осы теріс пайдаланушылықтар бойынша тиісті түрде ашық тергеу жүргізбейді.

Осыған ұқсас бұзушылықтар «Халал сертификаттау» отандық нарығында да тіркелген. Мысалы, аудиторлық топтың кворумын сақтамау, тиісті үш сарапшының орнына, бағалауға бір әмбебап-сарапшының баруы, немесе бағалаушылар құрамына техникалық реттеу саласынан алыс адамның тартылуы. Тағы бір мысал, сол құзыретті персоналдың болмауына байланысты «компаниялар» «сертификаттауды» алдыңғы күнмен жүргізеді, ал кей жағдайларда кәсіпорынның «сертификатталғандығы» туралы құжаты аудит жүргізбестен беріледі, себебі аудитті жүргізуге физикалық тұрғыдан үлгермейді. Дәл осындай проблема кәсіпорынды сапалы бақылауға және «қайта сертификаттауға» әсер етеді, себебі осы «компаниялардың» аудиторлық топтарының жалпы саны іс жүзінде 1300-ден астам кәсіпорынға қызмет көрсетеді, оның ішінде 150-ден астамы ауылшаруашылық кәсіпорындар. Орташа алғанда, аудиторлық топтың бірлігіне 65-тен 100-ге дейін кәсіпорыннан келеді, бұл аккредиттелген сертификаттау органының бір аудиторлық тобына жүргізілетін бағалаудың орташа статистикалық санынан 3-4 есе көп.

Сондай-ақ, «компанияларда» кадрлардың тапшылығы нәтижесінде, аудиторлар өндірістің өзіне және түпкілікті өнімнің құрамына ғана бағалау жүргізеді. Бұл ретте сақтау, тасымалдау, таңбалау, көрсету, дистрибуция және салдары ретінде контаминация (Халал емес өнімдермен және олардың қаптамасымен жанасу немесе араластыру кезінде өнімдердің халал ластануы) мәселелерін «компаниялардың» өздері де, аудит жүргізетін сарапшылар да елемейді. Тағы бір мысал, азық-түлік емес өнеркәсіп ұйымын сертификаттау кезінде «компанияның» қолында қажетті стандарттың жоқ болуы немесе аудитордың осы стандарт бойынша оқытылмауы себебінен, тамақ өнімдерінің стандарттары қолданылған кезде стандартты іске қосуға қатысты. Нәтижесінде, отандық «компанияларда» халал сертификаттаудан өткен кәсіпорындардың басым көпшілігінің өнімдері халықаралық зертханаларда өткізілетін Халал талаптарына сәйкестігіне сынақтардан өте алмайды, ал осы «компаниялардың» сертификаттарын шетелдік уәкілетті ұйымдар мойындамайды. Кәсіпорындардың аз ғана бөлігінде халықаралық қоғамдастық мойындаған халал сертификаттары бар, бұл оларға өз өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорындарды бағалауды шетелдік сертификаттау органы жүргізген болуы мүмкін.

Әртүрлі бұзушылықтарды шексіз тізбектеуге болады, бірақ іс жүзінде олардың барлығы үш негізгі мәселеге келіп тіреледі: 1) ашықтықтың болмауы; 2) аудиторлардың біліктілігінің төмен деңгейі; 3) өндірушілердің Халал талаптарын білмеуі. Осылайша, жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, Қазақстандағы «Халал сертификаттау» бойынша қызмет іс жүзінде «Халал сертификаттарын» қалыптау ғана болып отыр, ал Халал белгісін пайдалану тек маркетингпен және брендтеумен ғана шектелетіндігін сеніммен айтуға болады. Сандық көрсеткіштері жағынан қаншалықты жоғары болса да, өткен 17 жыл ішінде Халал индустриясында сапалық өзгерістер болған жоқ.

Саннан сапаға.

Біздің елімізде Халал өндірісі саласының сапалы өсуіне мүмкіндік бар ма? Біз қазақстандық Халал өнімнің сапасын халықаралық талаптар деңгейіне дейін көтере аламыз ба? Біз өндіріс көлемін ұлғайтып, сол арқылы ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті ұлғайтуға қауқарлымыз ба? Халал индустриясының жаһандық нарығында біздің республикамыз қандай рөл атқарады? Осы және басқа да мәселелер отандық өндірушілерді, экспорттаушыларды, мемлекеттік органдарды және қарапайым азаматтарды алаңдатады. Соңғыларын (тавтология үшін кешірім сұраймын) аз алаңдатпайды. Олардың бір бөлігі өздері тұтынатын өнімдердің сапасына қызығушылық танытатындықтан, ал екінші бөлігінің табысы олар жұмыс істейтін кәсіпорынның өндіретін өнімін сатудан түсетін маржаға тікелей байланысты. Себебі, «біздің» өнімдерімізді Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінде (ал бұл болса 57 мемлекет) өткізген жағдайда және қазақстандық Халал сертификаттау органдарының сертификаттары танылатын жағдайда, осы өнімнің қосымша құны еселеп өсіп, сату географиясы Кеден одағының шегінен шығып кетуі мүмкін. Тіпті Бразилия, Аргентина, Австралия және Үндістан тәрізді мұсылман емес елдер де ИЫҰ елдеріне жануарлар мен құстардың еттерін жылына жиынтығы 50 млрд. доллардан астам сомаға экспорттайды. Ресей мен Беларусь сондай-ақ Таяу Шығыс пен Орталық Азияға ет өнімдерінің экспансиясын арттыруда. Айта кету керек, сондай-ақ осы бағытқа назарын аударған Ресей мен Балтық жағалауы елдерінде Халал өнімдерін мұсылман елдерінің нарықтарына жылжыту мәселелері жергілікті сертификаттау органдарын шетелдік Халал аккредиттеу органдарында аккредиттеу арқылы жеке тәртіппен шешіледі.

Әлбетте, Қазақстан сапалы Халал өндірісін дамыту үшін зор әлеуетке ие, сол арқылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабады және шет елдердің ең талапшыл тұтынушыларының сұранысын қанағаттандырады. Дұрыс қолға алған жағдайда Халал өндірісі отандық тамақ өнеркәсібінің дамуын ынталандыруы және тіпті оның драйвері бола алады. Ол үшін елге нақты дамыған саясат пен жақсы ойластырылған стратегия қажет, ықтимал қателіктер мен тәуекелдерді болдырмас үшін, аккредиттелген Халал сертификаттау жүйесін саннан сапаға дейін қалыптастырудың барлық кезеңдерінен «ауыр» өткен басқа елдердің тәжірибесіне сүйену керек. Бірақ Халал сертификаттау органдарының қызметі ашық және мөлдір болуы тиіс, ол үшін мемлекеттік бақылау орнатылуы қажет.

Бізге дұрыс жүйені құруға не кедергі келтіреді?

Аккредиттеудің жаңа схемаларын енгізу – көп уақытты қажет ететін және энергияны қажет ететін процедура болып табылады. Бірінші кезекте қолданыстағы заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет (ұсыныстар енгізу кезінде кездесетін заңдық қайшылықтар мен бюрократия туралы ұмытпастан), жаңа стандарттар әзірлеу немесе халықаралық стандарттарды ұлттандыру, сарапшы-аудиторлардың қажетті пулын жинау және оқыту, сондай-ақ оларды тағылымдамадан өткізу және соңында оларды аттестаттау қажет.

Ұлттық институттардың күшімен республикада аккредиттелген сертификаттаудың жаңа схемаларын бастамашылық әзірлеу және енгізу проблемаларының бірі – көптеген әзірленген нормативтік құқықтық актілердің шетелдік тәжірибені зерделеуге және қабылдауға бағытталғандығында болып табылады. Басқаша айтқанда, біздің ел шетелде жаңа бағыттың пайда болуын күтеді және содан кейін ғана ұлттық стандартты зерделеу (атап айтқанда, оның Қазақстан үшін өзектілігі), енгізу және дамыту процесі басталады.

Өз ноу-хау схемаларын енгізу жөніндегі бастамалардың болмауына, сондай-ақ аккредиттеудің жаңа халықаралық схемаларын енгізудің қымбаттығына байланысты, елде жаңа бағыттар бойынша оқыту, тренингтер және мастер-кластар жүргізуге қабілетті оқу орталықтарының болмауын да жоғарыда аталған проблемалардың қатарына жатқызу қажет. Себебі? Мұның себебі қарапайым арифметикада жатыр: оқу орталықтарының өз салымдарын қайтарып алу мерзімі өте үлкен, ал тараптардың қызығушылығының болмауына байланысты тәуекелдер тым жоғары. Бұл мәселеде еліміз төменгі жақтағылар қаламайтын, ал жоғарғы жақтағылардың қолынан келмейтін жағдайға тап болды. Аккредиттеудің жаңа схемаларын енгізу процестері үшін мамандарды оқыту мәселесін жеке оқу орталықтарының қарауына қалдыруға болмайды дегенді түсіне алмайды. Тек техникалық реттеу саласында ғана емес, сонымен қатар экономиканың барлық салаларында да білікті мамандар штатымен жасақталған тәуелсіз бюджеті бар институционалдық орган қажет. Әрине, мұндай органның штатын көбейтпеу үшін конкурстар жариялап, перспективалы бағыттарды әзірлеуге гранттар ұсынуға болады.

Бұл Халал аккредиттеу схемасына да қатысты, оны енгізу проблемалары туралы біз осы мақалада оқырманға жеткізуге тырысамыз. Әділдік үшін Қазақстанда Халал саласын аккредиттеу туралы 2000 жылдардың басында айтылғанын атап өткен жөн. Сол кезде әлемдік қоғамдастық үшін жаңа бағытты дамытуға бел буған идеялық көзқарастағы адамдар осы аккредиттеу схемасын ілгерілету процесінде: стандарттарды әзірлеу, заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігін талқылау кезінде түсінбеушілік пен бюрократияға тап болды: Техникалық реттеу саласындағы мамандардың мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін Қазақстанда Халал өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін бағалау бойынша бағыттарды іске қосуға бірнеше талпыныс болды. Бірақ барлық әрекеттер нәтижесіз болды. Осылайша, Түркия, Малайзия, Индонезия және Парсы шығанағының бірқатар елдері осы бағытты дамытудың көшбасшылығын өздеріне алды. Осылайша, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) Ислам елдерінің Стандарттау және метрология институты жанынан Халал стандарттауды дамыту бөлімшесін құрды. Институттың негізгі міндеттері саланы зерделеу, стандарттарды әзірлеу және қабылдау, кадрлар даярлау, кәсіпорындарды оқыту, саудадағы техникалық кедергілерді жою, ИЫҰ-ға қатысушы елдер арасында стандартты танымал ету мәселелері болды. Қазақстан 1995 жылдан бері көлемі бойынша БҰҰ-дан кейінгі екінші орында тұрған осы беделді ұйымның мүшесі болып табылады. Бірақ ИЫҰ-ның ұзақ тарихына қарамастан, оның институционалдық органының алғашқы стандарттары 2011 жылы ғана пайда болды. Халал стандарттарын енгізу жөніндегі қазақстандық бастама он жылдан астам алға шыққан болатын. Алайда, өкінішке орай ойдағыдай болмады! Бірақ тарихты бұрмалай алмаймыз. Біз келешекте бүкіл планетадан бір қадам алда болу үшін осы жағдайдан сабақ алуымыз керек.

Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады.

Жоғарыда біз әлемде, сондай-ақ еліміздегі аккредиттелген Халал сертификаттауға қатысты қазіргі жағдай мен проблемаларды мүмкіндігінше «қысқаша» сипаттауға тырыстық. Алайда оқырманда: мемлекеттік органдар бұл проблемаларды шешу үшін не істеп жатыр? деген орынды сұрақ туындайды. Біз Халал саласына жауапты барлық мемлекеттік органдар үшін жауап бере алмайтынымызды бірден ескертеміз. Алайда, өз жұмыс шебіміз үшін жауап беруге тырысамыз. Сонымен:

2017 жылы Қазақстанның Ұлттық аккредиттеу орталығы мен Парсы шығанағы елдерін аккредиттеу орталығы (GAC) арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы мморандумға қол қойылды;

2018 жылы «Сертификаттау жөніндегі компаниялардың» қызметін мемлекеттік бақылай отырып, Халал сертификаттау жөніндегі органдар және халал сынақ зертханалары ретінде тізілімде одан әрі тіркей отырып, өзінің ұлттық Халал жүйесін құру қажеттілігі туралы мәселе көтерілді;

Сол 2018 жылы Қазақстан Республикасы атынан «Қазақстан стандарттау және метрология институты» Ислам елдері Стандарттау және метрология институтының (SMIIC) толық құқықты мүшесі болып танылды;

2019 жылы аккредиттелген Халал сертификаттау саласын дамыту бойынша түпкілікті шешім қабылданып, оған төменде көрсетілгендерге бюджет қаражаты бөлінді:

  • аккредиттеу жөніндегі органның мамандарын оқытуға;
  • нақты стандартқа(-тарға) бейімделу мақсатында Халал жүйесін енгізген елдердің тәжірибесіне талдамалық шолу жүргізуге;
  • Халал стандартын (тарын) ұлттандыру және қабылдауға.

Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша сол жылы:

  • Нормативтік базаны әзірлеу басталды;
  • Қазақстанның Ұлттық аккредиттеу орталығы мен Әмірліктердің Ұлттық аккредиттеу жүйесі (ENAS) арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды;
  • «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК Әмірліктердің стандарттау және метрология институтымен (ESMA) келісімге қол қойды;
  • Қазақстан Парсы шығанағы елдерінің Стандарттау басқармасымен (GSO) ынтымақтастық туралы ниетке қол қойды;

2020 жылы Қазақстанның Ұлттық аккредиттеу орталығы Халал аккредиттеу халықаралық форумының (IHAF) толық құқықты мүшесі атанды;

2020 жылдың шілде айында бес Халал стандарты қолданысқа енгізілді. Осылайша, бүгінгі таңда елімізде 7 мемлекеттік Халал стандарты жұмыс істейді, оның ішінде өнімге – 3, көрсетілетін қызметке – 2, таңбалауға – 1 және сәйкестікті растауға – 1. Бұл стандарттардың бірқатары қайта қарауды/өзектендіруді талап етеді;

2021 жылдың тамыз айында өнімнің сәйкестігін бағалау бойынша жұмыс жүргізетін сарапшы-аудиторларға қойылатын жаңа талаптар күшіне енді. Талаптарға сәйкес аудит және сертификаттау жөніндегі қызметке тартылған барлық сарапшылар өз құзыреті мен біліктілігін растаулары тиіс. Тестілеу нәтижелері бойынша аудиторлардың бір бөлігі бағалауға қатысуды тоқтатады деп болжанып отыр.

Бүгінгі күнгі жағдай бойынша ҰАО мамандары шетелдік Халал аккредиттеу органында оқудан және тағылымдамадан өтті, Халал өнімдерінің сәйкестігін растау бойынша алғашқы сарапшы-аудиторлар аттестатталды, әлеуетті Халал СРО-ны аккредиттеу процесі әзірленді;

Қазіргі уақытта 8 стандартты, оның ішінде сертификаттау органдарын аккредиттеуге арналған екі стандартты ұлттық бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл нормативтік құжаттардың негізіне SMIIC және UAE.S/GSO стандарттары алынды. Бұл қазақстандық Халал өнімнің ИЫҰ елдерінің нарығына шығуын жеңілдетеді;

Аккредиттелген Халал сертификаттау жүйесін танымал ету және енгізу, сондай-ақ кадрлық әлеуетті дамыту шеңберінде ЖОО студенттерімен және оқытушыларымен, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарымен, оқу орталықтарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, техникалық сарапшыларды оқыту жүргізілуде.

Қазақстан Республикасында аккредиттелген Халал сертификаттау жүйесін сауатты құра отырып, біз келесі мақсаттарға қол жеткізе аламыз:

  1. Халал сертификаттау жөніндегі органдарды аккредиттеудің бірыңғай тәсілін әзірлеу;
  2. Халал сертификаттаудың біртұтас жүйесін енгізу;
  3. Халал өнімдерін өндіру мен өткізуді халықаралық талаптарға сәйкестікке келтіру;
  4. Отандық тұтынушылардың Халал өнімдерге сенімін қайтару;
  5. Шет елдердің нарықтарына экспортталатын Халал өнімдерінің көлемін ұлғайту.

Нұрмат Талғатұлы,
ҰАО жетекші маманы Шаршамасов