Таңдай басу сауықтыра ма?

Сан ғасыр бойы халық медицинасы өмір сүріп келді. Халық медицинасы адам ағзасындағы биологиялық нүктелерді басу, шөптен дәрі-дәрмек жасау, сүлік салу, қан алу арқылы ем-шипа жасаумен ерекшеленсе, батыс медицинасы химиялық дәрі-дәрмектермен адамзатқа игі ықпалын тигізуде. Екі медицина бір-бірін толықтырады. Бірақ кейде керісінше, бір-бірін мойындамайтын да кезі болады. Сондай мысалдың бірі – тамақ басу.

«Баспа» деп аталатын ауру түрі медицинада «ангина» деп аталады. Ол тыныс жолының ауруы. Адам жөтелгенде, сөйлегенде түкірік арқылы жұғады. Бір қызығы, аталған ауру әлі күнге дейін емшілер мен дәрігерлер арасында дау тудырып келеді.
Баспа – жұтқыншақ, таңдай, тіл маңы бадамшасының қабынуы. Оның катарльды, фоликулярлы, лакунарлы, герпетикалық сынды бірнеше түрі болады. Онымен ауырғанда тамақтың ауырсынып, дене қалтырайды, бас ауырып, буын құрысады, ағза әлсірейді. Тіпті 40 градусқа дейін ыстық көтерілуі мүмкін. Ұйқы бұзылып, асқа тәбет азаяды. Тыныс тарылып, мазасыздық орын алады.
Көшпенді халқымыз тылсымның сырына тереңнен үңіле білген. Қарапайым-ақ амалдармен ем жасаған. Мысалы, бумен тыныстау, бөдене жұртқасын жеу, уқалау дегендей. «Адамның қай жері ауырса, жаны сол жерде» дейміз ғой баяғы. Қай жерің ауырса да – қиналып қалатының рас. Әсіресе, сәбилер үшін баспа қауіпті. Ыстығы көтірілген бала әлсін-әлсін жылап, беймаза күйге түседі. Ондайда аналар екі нәрсеге жүгінеді. Біріншісі, жедел жәрдем шақыртып, батыс медицинасына сенім білдірсе, екіншісі, қазақы дәстүрге иек артады.
Жақын танысым Айымгүл баласы суықтаса, тамағы көтерілсе, тамақ басатын көрші апасына қарай жетектей жөнеледі. 2-3 күнде ауру сап тыйылады дейді ол.
– Тамақ басу – қазақта әу баста бар үрдіс. Кішкентайлар алда-жалда тұмауратып, тамағы көтеріліп жатса, жасырмаймын Жұпар апама апарамын. Сұқ саусағын қазаннан күйелеп алады да, тамақтың сыртынан басып-басып жібереді. Соған үйренгенбіз. Тынысы бітіп, дем ала алмай тұрған бала бірер сағатта терлеп-тепшіп ұйықтап қалады. Ұйқыдан оянғасын түк болмағандай, бауырларымен ойынға кіріседі. Бар баламды осылай өсіріп келемін. Ащы дәрі беріп, асқазанын ауыртқаннан осы әдісті қолданғанды тәуір көремін, – дейді Айымгүл.
Қазақ – дана халық. Не істесе де негізге сүйене отырып іс қылады. Ырымшылдығы тағы бар. Баласын елден ерек жақсы көреді. Әкесі бар балаға бас ұстатпайды. Бұл «Әке тұрып – ұл сөйлегеннен без» дегенді білдірсе керек. Сондай-ақ, дастарханға үлкен ас келгенде алдымен бас тартылады. Бастың әр мүшесін асатудың да өзіндік мағынасы бар. Соның ішінде баланың алақанын аштыртып, «жезтаңдай әнші, қара қылды қақ жарған көсем, би-шешен» болсын деп қойдың таңдайын асатқан. Тамақ басу да ұлттың қасиетті дәстүрі ғой.

С.Келмембет