«Алтын белгі» иелеріне ілтипат білдірді

Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз.

Осы орайда аудан әкімі Р.Али аудандық мәдениет үйінде биыл ғана мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлерімен жүздесіп, оларға ізгі тілегін жеткізді. Жиынға оқушылар, білім саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты. Аудан басшысы білімге құштар ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға да алғаусыз алғысын жеткізді.

 — «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін — білім», — деп ұлы жазушымыз М. Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Мектептегі білім — барша әлем тыныс – тіршілігінің алғашқы іргетасы. Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып тізгінін ұстар азаматтар бүгінгі мектеп оқушысы болғандықтан қазақстандық барлық мектептерге бүгінгі жайы, даму бағыты мемлекеттің назарында. Сапалы білім, саналы тәрбие беру әр ұстаздың алға қойған міндеті болса, өз ісінің білімді, өнегелі азаматы болу – әр оқушының міндеті. Бүгінгі «Алтын белгі» иемденіп отырған әрбір түлек еліміздің жарқын болашағы деп білемін. Бүгінгі оқушы қандай болса – келешегіміз сондай болмақ. Демек, бүгінгі оқушылардың деңгейі мен біліміне қарап, болашақтың баянды боларына сенемін, — деді аудан әкімі.

Мұнан соң аудан басшысы «Алтын белгі» иегерлерін марапаттап, ілтипат білдірді. Биыл аудандағы 30 мектептен 480 оқушы түлеп ұшуда. Оның 16-сы айтулы белгіні иемденіп отыр. Бұл жаман нәтиже емес. Әкімнің марапатынан соң сахна төрінде «Алтын белгі» иесі ұстаздарға, аудан атқамінерлеріне, білім саласының қызметкерлеріне тіршілік кемесін өмір мұхитына бағыттау барысындағы жүрекжарды лебізін білдірді. Үздік танылған ата-аналар да мінберде сөйлеп, баласының жарқын болашаққа қадам басу сәтінде ел ағаларына алғаусыз алғыс айтты. Шара соңы көңілді ән, күмбір күй, керемет биге ұласып, жиынға қатысушылар шадыман күймен тарқасты.