Ұлттық құндылықтың алтын кілті қайда?

Текті халқымыз бала тәрбиесіне баса назар аударған емес пе?! Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көп көңіл бөлді. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне баса назар аударғандығы тарихымыздан аян. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл бар. Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылу баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкене кезінен
бастаған дұрыс.

Халықтық педагогикадан нәр алған баланы ата-баба өсиеттерін сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын ойлайтын, тілін, дінін құрметтейтін, өз ұлты мен ұлты мен қатар өзгелерді сыйлай алатындай етіп шығару ата-ананың басты мақсаты болуы керек. Қазіргі қоғамның алдында тұрған мәселенің бірі – бүгінгі жас жеткіншектің бойына бәсекеге қабілетті құндылықты қалыптастырып, дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл құндылықтардың бастау көзі тек халықтық тәрбие беру тәсілдерінде екені рас. Ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан мол мұраларымыздың құндылығына ешкім дау айта алмасы анық. Адам баласы қоғамда адалдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Мінез-құлқының тәрбиесімен бірге білімді ұштастыра алғанда елге пайдалы азаматтардың қатары көбейеді. Қазіргі заманы адамын өзгерткен мына қоғамда кешегі кемеңгерліктің куәсі болған ата-әже тағалымын бойына сіңірген ұрпақ-ты қаншалықты дәрежеде көреміз? Ұлтымыздың туын желбіретер ұлағатты ұлдарымыз бен қылықты қыздарымыз бар ма?! Міне, осы сұрақ маңызды! Көпке топырақ шашпағанымен, бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні де ақиқат емес пе?
Ата-анасынаң адал терімен тапқан-таянғанын пайдасыз дүниеге шашып, зиянын тартатын ұл-қыздарға қарап қатты қынжыласың. Әсіресе, егемен елдің ертеңін дүниге әкелетін нәзік жандыларға тіптен жарасымсыз! Қыз абыройы – болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мәселе. Кешегі даналарымыз «қызды қырық үйден тый, қала берсе қара күңнен тый» деп бекер айтпаған. Батысқа еліктеп ашық-шашық киінуі, қақаған қыста жан емес сән қымбаттырақ болған аруларымыздың өз болашағына балта щабуының бастауы осыдан басталары сөзсіз. Ертеде жесір қалған әйел шашын жайса, қазіргі кезде қазақтың екі қызының бірі мұны қалыпты жағдайға айналдырған. Қазір телеарналарымыз да бұл мәселеде кері кетіп тұр. «Ел боламын десең, теледидарыңды түзе» деген сыңайдағы замануи мақалдар қайдан шығады дейсіз, әйтпесе. Әсіресе, соңғы уақытта қоғамның ішінде сан алуан пікір қалдырып жүрген «Қалаулым», «Кел, келінім» секілді телеөнімдер өнегесіздік танытып отырғандай. Енді, тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер отырып алып, бейне бір әйел секілді шаңқылдап ұрысады, керіседі. Бұл жігіт адамға жарасқан ба?! Жігіттің көркі сабыр еді ғой. Салмақ еді ғой. Өкінішті… Бұл бұл ма, қазіргі арналардан көз көріп, құлақ естуге тұрмайтын талай дүние кетіп, беріліп жатыр. Бұл да болсын ұлт, ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізетін жайт екені анық.
Қазіргі қыздардың жүрісі-тұрысы, киім-киісі де сол баяғы қалпында. Иә, бұл мәселенің жауыр болғанына да біраз уақыт болды. Алайда, со лбаз баяғы қалпында. Біздің ұлтымызда қыз-келіншектің кіндік ашып жүруі тіптен болмаған. Кіндігі тұрмақ, аяғы ашық қыздары иба мен инабатты киіммен бірге сіңірген. Өткенге үңілсек, қазақ жігіттері қолына найза алып, ұлтарақтай жер үшін жауға шапқан. Бүгінгілердің бәрі бірдей болмаса да, арасында батысқа еліктеп жүргендері аз емес. Бүгінгі таңда ер мен әйелді ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Құлақтарында сырға, қолдарында сақина. Қазақ тарихында болмаған бұл көрініске қарап ішің ашиды. Хәкім Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», — деген екен. Шындығында, жастардың тағылым-тәрбиесіне әсер еткен не болды деген сұраққа Абай атамыздың асыл сөзінің аясында бірге жауап іздейікші.

Қазақтың бесігінде ұлт болашағы тербеледі

Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын жас ұрпақтың бойына сіңіру, соған сай мінез-құлық қалыптастыру. Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы- бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады. Баланы бесіктен тәрбиелеу қажет.Баланы бесікке салу дәстүрі баланың жетіліп, өсуіне септігін тигізеді. Ата- бабамыздан қалған мұраны одан әрі жалғастыру біздің еншімізде. Баланы бесікке саларда ауылдың аса құрметті анасы таңдап алынады. Көп бала өсіріп, тәрбиелеп ардақты анаға жас сәбиді бесікке салу рәсімі сеніп тапсырылады. Осылайша, қазақ халқы жас сәбиге асыл аналардың жолын берсін деген ниетпен ырымдаған. Бесікке жатқан бала дені сау, ұйқысы тыныш, дүниетанымы кең, өмірге құштар болып өседі. Тілі де ерте шығып, балабақшаға барғанда қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Олай болуы орынды да. Өйткені, бесікте жатқан бала ана әлдиімен ұйықтап, ана әлдиімен оянады. Бала бесікте жатып әуезді әнді тыңдап қана қоймайды, бала қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі. Айналаны бағдарлайды, өмір сүру қағидаларымен танысады, ата-анасын, атасы мен апасын, бауырларын таниды. Олармен тілдесуді бастайды. Алғашқы айлардан бастап -ақ бала жекелеген буындарды айтып, сөйлей бастайды. Анасың еркелеткенін, кейіген сәттерін ажырата алады. Әкесінің жұмыстан келіп, құшағына алған сәттердің бәрі бала зердесінен өтеді. Уақыт келе, бала өскен сайын, көп нәрсені үйренуге айналадағы құбылыстарға зер сала бастайды. Баланы бесікке салып, өсіру аналарға көп көмек. Кейде ана бар шаруаға үлгере алмай жататыны бар. Жас баланы тамақтандырып, бесікке салып қойып, әлдилей отырып, тамақ әзірлеуге уақыт табуға болады. Дер кезінде қажетті істерді атқарып қойып, сәбимен ұзақ тілдесуді дағдыға айналдырған жөн.

Отбасы институтымыздың жайы қалай?!

Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «Әке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады. Қазіргі заманда оқыту мен тәрбиенің табысты болуы ата-аналардың тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, мәдениетіне, ынтымақтастығына, отбасында бір-бірін түсінушілігіне, өзара қарым-қатынасына, көзқарастары мен мақсаттарының бірлігіне байланысты. Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, яғни, қоғамға, өзі- өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Адам дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс-әрекетіне, қимылына, ас ішуіне, жүріс-тұрысына, сөйлеуіне, ойнауына, әңгімелесуіне таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды. Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Отбасындағы барлық адамдардың іс-әрекетіне, бала тәрбиесіне бірінші әсер ететін орта. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады.
Баланың жақсылығын да, жамандығын да, жемісі мен жеңісін де көретін ата-анасы! Қай заманда болсын, ата-ананың басты арманы – баласының инабатты, ізетті, еңбексүйгіш, ержүрек, адал, қайырымды болуы. Соған өз балаларын тәрбиелейді. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Бала дүниеге келген күннен бастап ұлттық тәрбиені санасына сіңіре берсе, өсе келе бала зиянды нәрселерден аулақ болады. Сондықтан да, ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек. Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата-ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, кіммен ойнайды, қай жерде жүргенін, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білу керек. Отбасындағы өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі. Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс. Ұлы істің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасы. Отбасындағы тағылым мен үлгі өнегенің, балабақшадағы тәлім тәрбиенің жүйелі бірізді жүргізулерінен бастау алатыны баршаға белгілі. Халқымыз: «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» дегеннің терең мәні дәл осы кезде іске асатынын меңзесе керек. Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Адамды құрметтеуге тәрбиелеуіміз қажет. «Абай жолы» секілді ғаламат эпопея қалдырған Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін аталы сөзі бар ғой. Бұл тағылымды «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөзбен шатастырмаған жөн секілді. Өйткені, онда бала балиғат жасына дейін жақсы қасиеттерді ата-анасынан сіңіретіні айтылады. Менің ойымша, Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегені – болашақта бесік тербейтін қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтқаны. Себебі, «қыз бұзылса, ел бұзылады» дейді бабалар даналығы. «Қызыңды бөтен үйге қондырма» деп те бекер айтпаған. Шариғатта «төрт немесе үш қызы бар ата-ана жұмаққа барады» дейді. Сондай-ақ, «екі және бір қызды дұрыс тәрбиелеп, құтты жеріне қондырса да, жұмақтың кез келген қақпасынан кіретіні» айтылады. «Сонда қыз санына қарамай бәрі жұмаққа бара берсе, айырмашылығы қандай?» деген сұрақ туындайды. Яғни, бұл – бір қызға дұрыс тәрбие бере алған ата-ана, төрт қызды да жөнімен мәпелеп өсіруге қауқарлы деген сөз. Сонымен қатар, осы тұста қыз баланы тәрбиелеудің өте қиын әрі жауапты іс екенін аңғарамыз.Ұлы жазушы осыны меңзеп отырған деп есептеуге болады.

М.Мұқатай