Алматы облысында заманауи бөдене фермасы іске қосылады

Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес елді мекенінде ірі бөдене фермасының іргетасы қалануда. Құс – табыс көзі болып табылады. Ауданда бөй көтергелі отырған бұл ферманың экономиканы көтеруге тигізер пайдасы зор. Айта кететін жайт осы бағытты толығымен жүзеге асыру барысында 2018 жылы «Сәлем–Құс» ЖШС-мен 103 млн. теңгеге меморандумға қол қойылып, инвестиция тартылған. Заманауи үлгіде салынып жатқан ферма өз жұмысын ағымдағы жылдың маусым айынан бастамақшы. Бүгінгі күні жемшөп цехы құрылысы бойынша жұмыстар аяқталып, ферма маңын қоршау, ғимараттың жабдықтарын сақадай сайлау және ферма аумағын абаттандыру секілді жұмыстар жүргізілуде.

Ферманың өндірістік қуаты күніне 50 килограмм ет және 60 мың жұмыртқа шығаруға жететін көрінеді. Бөдене құс түрінің жалпы саны 100 мыңды құрайтын болады. Алдағы уақытта ферма аудан тұрғындарын 20 жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін болады.

Ауданда салынып жатқан бұл ферма барша жұртты таза азықпен қамтамасыз етіп, Отандық өнімнің керегесін кеңейтуге бағытталып отыр.