31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14-сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы.
1921 – 1933 жылдары аралығында (1921-1922 және 1932-1933 жылдары) қазақ даласы бір емес екі мәрте ашаршылыққа ұшырады. Бұл халқымыз үшін орны толмас нәубат әкелді. Әсіресе, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық ХХ ғасырдағы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған трагедия болды. Әрине, бірінші ашаршылық та сұмдық болды. Бірінші ашаршылық 1919–1922 жж. болған. Осы жылдары аштық кезінде 1,5 млн жуық адам шығыны болды. Екінші аштық – екі жарым миллион адамның өмірін жалмады.
Жаппай қуғын-сүргін салқыны да қазаққа оңай тиген жоқ. КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.
Кешегі азапты күндердің артынан атқан бүгінгі ақ таң үшін бабаларымызға мың тағзым етсекте аз.

«ЖШ» ақпарат