18-сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Оны 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. ЮНЕСКО ірі халықаралық ұйымына Қазақстан да мүше.
Атаулы датаға орай Ескелді аудандық кітапханасы «Ескерткіштер- халық қазынасы» атты медиа-таным өткізді. Ескелді ауданында орналасқан Бақтыбай ақын, Ескелді би, Матай Байысов, Константин Шестаковтың құрметіне қойылған ескерткіштерге барып, олардың өмірбаяндары мен батырлардың ерліктері жайында оқырман қауымға түсіндірілді. Ескерткіш– кең мағынасында — елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді қамтиды. Тар мағынасында- ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды. Бұл атау монумент деген ұғымның мағынасына жақын.
Жетісу өңіріндегі атақты ақындардың бірі — Бақтыбай Жолбарысұлы 1842 жылы маусым айында дүниеге келген. Атасы Аңламастан Аю, Жолбарыс, Үден деген үш бала өрбіген. Жолбарыстан Тәттібай тарайды. Ол кезде Талдықорған жағындағы биік-биік таулар ішінде, жыра-сайларда аю, жолбарыс сияқты ірілі-уақты аң-құстар өте көп болған. Аңламас қарияның балларын сондай күшті аңдардың атымен атауында гәп бар. Күш пен айланың заманында аю, жолбарыс сияқты батыр туса екен деп армандаған болуы керек, бірақ оның ұрпағынан Бақтыбай сияқты атақты ақын шығарын, әрине, ол білген жоқ. Адам тағдырының сонша қиын да қызық екенін мынадай байқаңыз: жеті айлығында шала туған нәрестені атасы Аңламастан қалған ескі тымаққа салып, ай кереге іліп қойған. Бала үш күн бойы ауызына нәр алмапты. Ескі ырым бойынша, шешесі Шәуке қайнысы Үденнің тұзақпен ұстап, үйінде бағып отырған бұлбұл құсын сұрап алып, жас нәрестені соның тілін таңдайына салып ауыздандырған екен. Бақтыбай жеті жасқа келгенде әке-шешесі бірдей өліп, нағашысы асырап алады. Жас баланың он жасқа келгенше тілі шықпаған. Он екі жасында нағашысының ешкілерін қасқырға талатып, қорыққанынан күзгі жауында суық түнінде өз еліне қарай қашады. Әрі тоңып әрі қорқып келе жатқан бала айдалада әлі шоғы сөне қоймаған жер ошаққа кез болған. Соның күліне аяғын тығып жатса, көзі ілініп кетеді. Түсінде Қабан ақынды көреді. Ел, Ескелді, Балпықпен қатар әулие санайтын осынау аруақты ақын: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» – деп сұрапты мыс. Бақтыбай: «Өлең аламын» деген. Қабан ауызына түкіріп, «жұтып қой» депті. Шаттана оянған баланың сол күненен бастап тілі шығып, айнала дүниеге ақын көзімен қарай бастайды.
Әмбе жалайыр әулие атанған Ескелді би — күллі қазақ халқына қауіп төнген ХVIII ғасырда ел қорғаған ерлердің бірі. Ол өзінен екі жас кіші Балпық әулиемен, Қабылиса сияқты әрі ақын, әрі батырмен, қол бастаған Орақ батырмен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын жорықтар жасап, елінен, жерінен айырылып босып кеткен жалайырлардың басын құрап, Жетісу өлкесіне қоныстандырған тарихи тұлға. Ескелдінің жастайынан зерек, тапқыр болып өсуіне қоршаған ортасы игі ықпал еткен. Ел билеген азаматтар, айыр тілді билер бас қосқанда әкесі Ескелдіні бала кезінен бірге ертіп жұрген. Ауыл ақсақалдары, білікті билер оқта-текте сөз кезегін бергенде Ескелді асқан тапқырлықпен, шешендікпен, ақынша ұйқас сөздер тауып, сөйлей жөнеледі екен. Бұған әкесі Жылкелді ұяла қысылып: “Балам, үлкендердің алдына бекер түсесің”, — деп, тыйым салмақ болғанда сөз төркінін ұғатын зерделі, зиялы кісілер: “Жылкелді, баланың талабын қайтарма, бұл жерде “ата тұрғанда ұл сөйлегеннен без, ана тұрғанда қыз сөйлегеннен без” деген көне мәтелді қолдану ретсіз, балаңның ұғымы да, түйсігі де бөлек, басқа балаларға ұқсамайды” дегенде, көңілі тасып шабыттанған Ескелді:
Қой асығын қомсынып,
Шымыр емес демеңіз,
Қолға жақса сақа ғой.
Ұл сөйлесе шамсынып,
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса дана ғой, — деп тоқтаған екен.
Матай Байысов — екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, бөлімше командирі, пулеметші. Соғыстың алдында Талдықортан МТС-ында жұмыс істеді. Кеңес әскері қатарына 1942 жылдың қазанында шақырылып, Ұлы Отан соғысына Воронеж майданына қарасты 38-армия 136-атқыштар дивизиясының 342- атқыштар полкі құрамында қатысты. 1943 жылы 2-қазанда Днепрдің оң жаталауына алташқы жауынгерлер сапында өтті. Бәйісовтің басшылытындаты шағын топ өздері басып алған плацдармда 2 тәулік бойы жау шабуылына тойтарыс берді. Жеке өзі жаудың 50-ден астам әскерін жойды. Расчет командирі мен пулемет нысанашысының ок- қа үшқанына қарамай Бәйісов станокты пулеметінен оқ атуын тоқтатпады. Бәйісовке КСРО Жот. Кеңесі Төралқасының Жарлығымен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Константин Шестаков екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, қатардағы гвардияшы жауынгер. 7-сынып бітірген соң МТС-те трактор жүргізуші болып жұмыс істеді. Кеңес әскері қатарына 1942 жылдың 27-маусымында шақырылып, майданға аттанды. Шестаков 1944 жылдың жазында Ленинград облысын азат ету кезінде көзге түсті. Шестаков қызмет еткен 129-гвардиялық атқыштар полкі Лампилия ауылы жанындағы отты нүктені алуда жау жағынан қатты қарсылық болды. Гвардияшылар екі рет отты нүктеге шабуыл жасап, ала алмады. Олардың алға жылжуына гранит төбе тастарының қалқасындағы жау пулеметі бөгет болды. Шестаков осы пулеметтің жанына еңбектеп барып, граната лақтырып, жаудың 50-ге жуық әскері мен офицерін жойды. Өшпес ерлік жасағаны үшін Шестаковке КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Кітап оқырмандары қатысқан жиыннан қатысушылар рухтанып тарқасты. Қалай дегенмен ерлігі ұрпаққа үлгі тұлғалар туралы тың ақпараттар кімді болмасын қанаттандырады.
Ескелді аудандық кітапханасы