«Ғасыр саңлағы» Һәм ұлт ұстазына 150 жыл

Ескелді аудандық кітапханасында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Бір ел-бір кітап акциясы» бойынша «Ғасыр саңлағы» атты еске алу кеші өтті. Оқырмандар назарына Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен оның шығармаларына жайлы слайд шолу мен «Бір ел-бір кітап» акциясы бойынша ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылды.

Ахмет Байтұрсынұлы-бұл есімді білмейтіндер некен-саяқ болар. Өйткені, бұл кезде мемлекеттік мәртебеге ие болған Қазақ тілі туралы сөйлесек, Ахметтің есімі қатар айтылады. Оны айтпасқа құқымыз жоқ. Себебі, қазақ ұлтының ана тіліне ғылыми жүйеде түрен салып, негізін қалаған, айдай әлемге танытқан да осы бірегей тұлға!
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйек қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.
Ахмет ұлттың ұлы ұстазы, ағартушы-ұстаз, тілші-ғалым, аудармашы ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, өз ұлтын сүйген патриот адам.
Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұспа тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді.
Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.
Саяси қысымның қаупіне қарамастан белгілі түркітанушы, академиг А.Н.Кононов «Отандық түркітанушылардың биобиблиографиялық сөздігі» деген еңбегінде (1974) Байтұрсыновтың толық өмірбаянын беріп, әлеуметтік-қоғамдық қызметін, басты еңбектерін нақты айтты. Оның қазақ әліппесінің авторы екендігі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді.
1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсын есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай университеті Байтұрсыновтың есімімен аталды. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп Алматы қаласынданда республика ғылыми конференция өткізілді, Байтұрсыновтың мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.

Ескелді аудандық кітапханасы