Саяси науқанның маңызы түсіндірілді

Жуырда аудандық ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен келелі жиын өтті. Аудандық әкімдікте өткен жиынның мақсаты елімізде өткелі жатқан жалпыхалықтық референдумның жайын түсіндіру болды. Жиынға Ескелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бимұрат Боранбаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Чингаева, Д.Қонаев атындағы аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Айбол Қожатайұлы қатысып, саяси өзгерістерге бастайтын ауқымды науқанның маңызына тоқталды.

— Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Сол арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар істерімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді өзара ақылдаса отырып, кемеліне келтіріп, жүйелі жүргізе аламыз. Байырғы замандардағы хандарымыз іргелі істерде халықпен кеңес құрған, бұқарасының батасын алған. Бертінде қазақ көсемдері Мәңгілік ел құру жолында бас біріктіріп, бір тудың астына жиылып, Ұлытаудағы жақпар тастарға бірліктің бітімінің символындай төл таңбаларын қашап қалдырған. Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған референдумда әрбір қазақстандықтың таңдауы – біріге, тұтаса келе, біртұтас елдің таңдауына айналады. Алдағы Конституциялық реформа нәтижесінде Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгереді деп күтілуде. Референдумда ел қолдаса, онда Ата Заңға түзетулер биыл күшіне енбек, — Ескелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бимұрат Боранбаев.

Жиында сөз алған Айбол Қожатайұлы жалпыхалықтық науқанның Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызына, еліміздің демократиялық даңғылға түсудегі басты қадам екеніне тоқталды.

— Алдағы конституциялық референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, ол тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын. Өйткені қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті Президент сөзден гөрі іске баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдап отырғаны анық. Бұл осы елдің азаматы ретінде мені де қатты қуантты. Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5-маусымда әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Себебі еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қатысу керек, — деді Д.Қонаев атындағы аға оқытушысы Айбол Қожатайұлы.

Жиынға қатысушылар, ел үшін маңызды саяси науқанға қатысуға уағдаласты. Қалай дегенмен, әрбір қазақстандық Жаңа Қазақстанды бірге құруға атсалысуы керек.

«ЖШ»-ақпарат