Дәуірдің жарық жұлдызы

Түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Осыған орай, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын, қазақ тарихындағы орнын насихаттаудағы іс-шаралар өз жалғасын табуда. Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Ескелді аудандық филиалы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 18 мамырында  «Дәуірдің жарық жұлдызы» тақырыбында танымдық сабақтар ұйымдастырылды.

Танымдық сабақ филиалдың тыңдаушыларымен өткізілді. Сабақта Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы,  қоғамға сіңірген еңбегі баяндалып, айтулы тұлғаға қатысты сұрақтарға жауап алынды. Тыңдаушылар сабаққа белсене қатысып, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері туралы ойларын ортаға салды. Осы тақырыптағы танымдық сабақ Ескелді аудандық ауруханасының ұжымымен жалғасты. Танымдық сабаққа Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Ескелді аудандық филиалының төрағасы Салтанат Құмарханұлы қатысты. Филиал төрағасы Ахмет Байтұрсынұлына қатысты пайымды пікірлерін айта келе, арнау өлеңін оқыды. Танымдық сағатта аурухана ұжымы сабаққа зор қызығушылықпен қатысып, ғалымның еңбектерін таныту бағытындағы сұрақтарға жауап беріп, ұлт ұстазы жайлы танымдарын байқатты, тың деректер келтіріп, шеберліктерін көрсетті. Сабақ соңында филиал меңгерушісі Жазира Рахымқызы сабақты қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасы бағаланып, қазіргі уақытта оған халық құрмет көрсетіп, оны ұлт ұстазы ретінде дәріптеп отырғанын айтты. Шараға қатысушыларға саулық тілеп, алғысын білдірді.

Н. Бекбосын, Филиал оқытушысы