Көкөніс егу қарқынды

Ауа райының қолайлы болуына байланысты Ескелді жерінің еңбеккерлері, шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмыстарына, яғни картоп егу науқанына қызу кірісіп кетті. Картоп десе бірден бала күнімізде әжеміздің табаға күйдіре қуырып берген тағамы еске түседі. Сәуір-мамыр айлары картоп егуге аса қолайлы. Ауылды жердің адамы бақшасын картопсыз елестете алмайды. Халықтың екінші «нанына» айналған бұл көкөністі алғаш рет осыдан он екі мың жыл бұрын үнді тайпалары өсірген екен.
Осы жүректі жаулаған көкөністі аудандық «Бимуратов А.Е.» шаруа қожалығы да қолға алды. Жетісу жерінің барлық базары мен дүкен сөресіне қойылатын картоп дәл осы шаруа қожалығынан десек артық емес. Сонымен қатар, Шаруа қожалығы «CHIPS PRODUCTION» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ынтымақтаса отырып картоптың чипсы сортын өсіруді қолға алған. Біздің елде қуырылған қытырлақ картопқа сұраныс артып тұр. Ағзаға қанша жерден зиян десек те, нарықта көш бастап тұрған өнімнің көбеймесе азаюы мүмкін емес.
Чипсыды ең алғаш жасап шығарған темір жол құрлысымен айналысқан американдық миллионер Вандербилттің жеке аспазшысы Джордж Крум болды. Яғни тілімді картоп алғаш рет 1853 пайда болған. Чипсы өндірісі Батыс елдерінде кеңінен дамыды. Ағылшын тілінен chips – «тілім» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі күнде қуырылған картоптың қытырлақ тілімдерін өндіру ірі дүниежүзілік өндіріске айналып кетті. Аудандағы дала жұмыстары жайлы ақпардан бөлек, өнімнің сипатына да тоқталып кетуді жөн санадым. Тақырыпқа оралсақ, сөзімізге арқау болған биылғы картоптар Бельгиялық өндірістің жаңа жабдықтарына қонады. Атап айтсақ «Бимуратов А.Е.» ШҚ өткен жылы ЗСНР-25 тұқым сепкіштерін тиегіш, 6,1 с (жиналмалы) кетпендер тырмасы, metal Fach T229 T229/2 (айыр, шөміш) фронтальды тиегіш, пневматикалық pronto 6 AS (себу кешені) тұқым сепкіші, Ceres 450 картоп отырғызғыш, ecoridger культиваторы, GE-Force Heavy Duty Frase тарақ кескіш, Spirit 6200 картоп жинайтын комбайн, Falcon 1800 қабылдағыш бункері, сондай-ақ Arion 640c тракторын іске қосты. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, ырыздығын жерден тапқан шаруа қожалығына нәсіпті кәсіп тілейміз. Егін мол болсын, қамба картопқа толсын!

Арай Нұржанқызы