Әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз-Референдумға қатысу

Елімізде 5 маусымда болатын ең маңызды саяси іс-шара – республикалық референдум өткізуге дайындық жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауалды республикалық референдумға шығару туралы қаулыға қол қойды. 27 жылдан кейін екінші рет қолға алынып отырған осынау саяси іс-шараны іске асыруға, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге барша қоғам белсенділері белсене кірісіп жатыр.

Осыған орай жуырда Ескелді ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев келді. Жиын аудандық әкімдік ғимаратында бастау алды. Жиынға аудан басшысы Рустам Али, «Ақ жол» ҚДП Алматы облыстық филиалының төрағасы М. Шынасилова, «Ақ жол» ҚДП филиалының төрағасы О. Нұралдинов, «Ақ жол» ҚДП аудандық мәслихат депутаттары Д. Беков және А. Сағынбекұлы, Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е. Егінбаев, аудандық мекеме басшылары, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қатысты.
-Жаңа Қазақстанның қалыптасуына Президент ұсынған оң өзгерістер мен реформаларды іске асыруға үлес қосу – біздің әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. 1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де орын алды. Бұл қалыпты саяси процесс, өйткені уақыт өте келе қоғамдық-саяси жағдайға қойылатын талаптар өзгеруде,-деді Азат Перуашев.
Кездесу барысында депутат аудандық ауруханаға барды. Пандемия кезінде талмай еңбектенген бірнеше дәрігерге «Жан қиярлы күресі үшін» төсбелгілерімен марапаттады. Келелі кездесудің соңғы нүктесі аудандық спорт кешені болды.
Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияға енгізілген өзгерістерге қатысты өз пікірін дербес білдіруге құқылы. Ал референдум нәтижесі халықтың ерік-жігері мен ел болашағын түсінуінің сенімді дәлелі болмақ.

Арай Нұржанқызы