Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы тым тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Осы ойындар негізінде әр халық әртүрлі жаттығулар жасау жолымен дене-шынықтыру ісінің негізін салды. Бұл бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсарта түсуде пайдасы зор екені белгілі. Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына. Сондықтан халықтық мұраны үйренудің әрі күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуде орасан пайдасы тимек. Ойын әр баланың алдынан өмірдің жарқын сәттерін ашып, жеке қасиеттерімен біте қайнасып, әрі қарай дамуымен ұштасады.
Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Солардың бірі де бірегейі асық ату ойыны, бес тас ойыны. Жуырда ғана аудандық спорт кешенінде асық ату мен бас тас ойынынан облыстық чемпионат өтті. Ойын қатысушыларының бойындағы табандылық пен қайсарлықты байқамау мүмкін емес еді. Ойынның негізгі шарты – бір-бірінен асықты көбірек ұту. Бұл ойын мазмұны жағынан ұтыс ойыны тобына жатады. Асық ату ойыны балалардың тез қимылдауын қалайды. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді. Көшпелі қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы қаймағы бұзылмастан жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі – «Бестас» ойыны. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша бұл ойын еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырларда пайда болған. Жалпы ойынның мазмұнына тоқталып кететін болсақ ойнаушылар ең алдымен, кім-кімнен кейін ойнайтынын өздері анықтайды. Бірінші кезек алған ойыншы бестас ойынының шартын бұзып алғанға дейін ойнайды. Одан кейін екінші кезектегі, ол тоқтаған соң, үшінші кезектегі ойыншы ойнайды. Ойын осылай жалғаса береді. Тастарды қаршып қағып алу кезінде басқа тастарды қозғалтуға болмайды және қақпа тасты түсіріп алмауы керек. Ойыншы ойынның шартын бұзғанға дейін ойнай береді. Тек ойынның шарты бұзылған жағдайда ғана келесі ойыншы кезек алады. Ал келесі кезек келгенде ойнаушылардың қай-қайсысы болсын, ойынды өзінің бұрынғы тоқтаған жерінен жалғастырады. Міне жылдамдық пен қырағылықты насихаттайтын бұл ойынның да берері көп. Киелі Ескелді жерінде өткен сайыста үздіктер мен қырағы саңлақтардың көп екеніне көзіміз жетті. Екі күнге созылған чемпионаттың үздіктерін анықтау да оңайға соқпады. Десек те жеңіс бар жерде жеңіліс бар. Бес тас ойыны бойынша 1 орын-Еңбекші қазақ ауданына, 2 орын-Кербұлақ ауданына, 3-орын Балқаш ауданына бұйырды. Асық ату сайысы бойынша жүлделі 1 орынды- Ұйғыр ауданы, 2 орынды-Кербұлақ ауданы, 3 орынды-Қонаев қаласы иемденді. Жалпы командалық есепте 1 орынды-Кербұлақ ауданы, 2 орынды-Ұйғыр ауданы, 3 орын-Еңбекшіқазақ ауданы алды. Шараны аудандық спорт бөлімі ұйымдастырды.
Арай Нұржанқызы