Күлтөбедегі келелі кездесу

Еліміздің тарихында екінші рет өткізілгелі отырған Конститутцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдумның маңызы мен мәнін азаматтарға түсіндіру мақсатында жуырда ауданға Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов келді. Келелі жиынға аудан әкімі Рустам Али және аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары қатысты. 5-маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумда Конституциядағы 98 баптың 33-іне өзгеріс енгізілетін болады. Бұл дегеніміз Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Кездесу барысында сенат депутаты осы бағытта жүзеге асатын міндеттерді тілген тиек етті.

— Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр,-деді Сұлтан Дүйсембинов.

Референдумға қатысу құқығы азаматтардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Сондықтан жиынға қатысқан әрбір жан еліміздің болашағы үшін бір ауыздан қолдайтынын жеткізді.

Арай Нұржанқызы