Мамандығым- болашағымның кепілі

31 наурыз күні Ескелді аудандық  кітапханасында «Мамандығым- болашағымның кепілі» атты коучинг сабақ өткізілді. Сабаққа Алдабергенов орта мектебінің 9 «а» сынып оқушылары қатысты және сынып жетекшілері  Алтыбаева Раиса Серикбаевна көрермен ретінде қатысты.

Коучинг сабағымыздың мақсаты: болашақ ұрпаққа мамандық таңдау барысында жол көрсету және ол үшін білім нәрімен сусындау керек екендігін түсіндіру.

Қолданылған материалдар: «Мамандығым- болашағымның кепілі» атты слайд, әр мамандыққа байланысты кітап көрмесі, балаларға жеке дара постер тарату арқылы ойын ойнатылды.

Сабақ барысында әрбір оқушы болашақта кім болғысы келетінін жазып, неге ондай маман иесі болғысы келетінін түсіндірді.

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу екеуі біздіңше екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. 

Ұнайтын мамандықты таңдау және өмір бойы өзіңізді қамтамасыз ету үшін алдымен адам өзін танып, мұқият зерттеу қажет. Ең алдымен қызығушылығыңызды, бейімділігіңізді, мінез сипаты мен физикалық мүмкіндіктеріңізді жақсы түсіне алу керек. Негізгі қасиеттеріңіз бен байқалмайтын қасиеттеріңізді анықтау қажет. Ары қарай өзіңізге сәйкес келетін мамандықтарды таңдау кедергі туындамайды. Осыдан кейін ғана оқу орнын таңдау қажет.

Мамандық таңдауда жіберілетін қателер:

– Беделді кәсіптердің жетегінде кету;
– Ата-анасы үшін мамандық таңдау;
– Мамандықты таңдауға ақпараттардың жеткіліксіздігі;
– Өзінің психологиялық ерекшелігін түсіне алмау;
– Басқалар не таңдаса, соны таңдау;
– Грант көп берілетін мамандықтарды таңдау;
– «Диплом алсам болды» деген пікірді ұстану.

Осындай қателіктер жіберілмес үшін не істеу керек?

1.Балалық шақты еске алыңыз.Бала кезіңізде сізде қандай үміт пен арман болды?
2.Өзіңізді толық зерттеңіз.
3.Жеке тұлғаның профилін жасаңыз.
4.Басқалардың сізді қалай көретінін біліп, өзіңізді жақсы түсініп алыңыз.
5. Жақын досыңыздан, отбасы мүшелерінен немесе сенімді адамнан сізді сипаттайтын 10 кілт сөз жазуды сұраңыз. Олар сіздің бағалауыңызбен сәйкес келетініне назар аударыңыз.

Әркім өз маман иесі болуға лайық!

Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауыңызға тілектеспіз!

Меруерт Бекмырза, Ескелді аудандық кітапханасының библиографы