Адамның бір қызығы бала деген

Адам қашанда ұрпағымен бақытты. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген халық ұрпағының өсіп-жетілуіне, тәрбиесіне барынша жағдай жасауға тырысқан. Ал тәрбие, тал бесіктен емес, құрсақтан басталады. Оның себебі, болашақ ана баланы бесіктен емес, құрсақтан бастап тәрбиелеуі керек. Балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты ананың ыстық ықыласы мен тәрбиесінен берілетін құнды дүние. Бала тәрбиесі ата-ана тәрбиесімен ұштасып жатуы тиіс. Сондықтан ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Себебі білім тәрбие арқылы беріледі.
Тәрбие жоқ жерде білім де жоқ. Тәрбие қаншалықты тереңде болса, білім де соншалықты тереңде. Болашақ білімді, дарынды, адмгершілігі мол ұрпақ үшін бұл – өте маңызды. Сол себепті де отбасының бала тәрбиесінде алатын орны айрықша. Әрине, әрбір ата-ана өз ұлы мен қызының әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының білімді азаматы болып жетілуін қалайды. Сыйластық, түсіністік, зор жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қарым-қатынасы мазмұнды, сенімді болады.
Баланың бас ұстазы – ата-ана. Иә, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Халқымыз «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған дұрыс. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Осы қағиданы нақты ұғынған зиялы қауым ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында екенін әрдайым айтып келеді. Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға – ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана, қала берді қоғам. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйытқысы отбасында бала үлкендермен араласады. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған.
Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді. Баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деген ой қате. Ата-ана оны өмірінің әрбір сәтінде тәрбиелейді. Ата-ана қалай киінеді, басқалармен қалай сөйлеседі немесе басқа адамдар туралы қалай қуанады, ренжиді, достарымен қандай қарым-қатынаста болады, осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар.
Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті. Сондай-ақ жүйелі білім алуына көмектесуге, ұдайы ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғалімімен кездесуге, баласының мектептегі өмірімен танысуға міндетті. Баланың өміріне, оның денсаулығына зиян келтіретін заттарды қолданбауын, олардың зияндылығын жиі ескертіп отыруы керек. «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтанса, бала оң-солын біліп өседі. Көп ата-ана жұмысбасты екенін алға тартып жатады. Тіпті, өкінішке қарай, өз баласының тәрбиесін мұғалімге ысырып қоятын ата-аналар да жоқ емес. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөзінде үлкен мән жатқанын түсіну керек.

Лаура Дарханова,
М.Мәметова атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі