«Монтессори» — баланы беуімдеудің озық әдісі

Бала – ата-ананың көз қуанышы, көңіл жұбанышы. Кез келген ата-ана баласы үшін өмір сүреді, сүруі тиіс. Халқымыз «Балалы үй – базар» деп тегін айтпаса керек, отбасылық өмірдің мәні мен сәні сәбимен бірге кіреді. Үлкен адамдардың өміріне соншама қуаныш пен шаттық сыйлайтын сәбилер кейде керісінше, ата-анасының көңіліне уайым мен алаңдаушылық ұялатып жататыны да қоғамымыздағы белгілі жайт. Туғаннан мүгедектікке душар болған, не есейе келе әртүрлі жағдайдың салдарынан денсаулығына, соның ішінде, жүйке жүйесіне зақым келген балаларды тек ата-анасы емес, мемлекет те бақылауда ұстап, қолынан келген жәрдемін аяп отырған жоқ. Соңғы жылдардағы бір жетістігіміз – Монтессори әдістемесін енгізу. Монтессори педагогикасы немесе Монтессори жүйесі XX ғасырдың бірінші жартысында итальяндық педагог, ғалым әрі ойшыл Мария Монтессори тарапынан ұсынылған тәрбиелеу жүйесі. Мария Монтессори — италиялық дәрігер. Бұл жүйені осыдан 100 жыл бұрын сол ойлап тапқан соң соның атымен аталады.

Бұл жүйе бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар зейінін, шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елестетуді, қимылды дамытады. Оның негізгі қағидаты – «оқы, оқы» деп күштеп емес, ойын арқылы оқыту және баламен дербес тіл табысуға негізделген жаттығуларды таңдап алу. Монтессори әдістемесінің маңызды ерекшелігі – баланың жеке қабілетін көрсете алатын және көрсеткісі келетін арнайы ортаны құру. Бұл — Монтессори ортасы деп аталады. Бұл ортада психологиялық жайлылық, таңдау еріктілігі және педагогтің сабырлы адамгершілігі салтанат құрады. Бала жас кезінде жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай қарай иіледі. Жақсыға үйретсең, жақсылап үйретсең тез қабылдайды. Осы тұрғыдан келгенде Монтессори әдістемесінің біздің орталыққа енуі жақсы бастама деп ойлаймын.

Мен Монтессори педагогикасындағы әдіс-тәсілдерінің элементтерін өз сабақтарымда қолданып жүрмін. «Суды бір ыдыстан екінші ыдысқа құю», «Үрме бұршақты бір ыдыстан екінші ыдысқа аудару»,«Жұмыртқаны судан сүзіп алу», «Сәбіздерді қысқышпен бір ыдыстан екінші ыдысқа ауыстыру», «Күріш, қарақұмықты ыдыстан ыдысқа аудару», «Моншақтарды, асықтарды түстеріне қарай жинау», замок, түймелерді шешу тағу,қысқыштармен жұмыс.

Корыта келе, М.Монтессори әдісі балаға жауапкершілікті сезінуге, өзі шешім қабылдауға, жеке жұмыс істеуге, таңдау жасауға, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндік береді. Бұл әдістің мақсаты – бала мұнда педагогтың нұсқауымен емес өз еркімен қарекет етуге тәрбиелейді. Баланың қабілетін ашуға, үлкеннің кішіге мейірімі, қамқорлығын сезінуге мүмкіндік берері сөзсіз. Еркін жұмыс істеу барысында жетістігін өзі көріп, қатесін де өзі жөндейді ,адамгершілік қасиеттерін де дамыта алады.

Ания Жумадилова,

Ескелді ауданының «№12 психологиялық-педагогикалық кабинетінің» әлеуметтік педагогі