Киберәлемдегі қауқарымыз қандай?

Қазір екі қолға бір смартфон ұстап, әлемжеліні шолмайтын адам жоқ шығар. Тіпті былдырлаған бүлдіршіннен бастап еңкейген қартқа дейін Ватсап, Инстаграмды шемішкедей шағады. Әрине, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған әлемтордың пайдасы көп. Дей тұра қоғамға тигізер кері әсері де жоқ емес. Мәселен, онлайн зорлық-зомбылық. Бұл жайында не білеміз?

Статистика бойынша, ай сайын әр бесінші жасөспірім буллингтің құрбаны болады екен. Бұл әсіресе пандемия кезінде және қашықтан оқыту жағдайында өте өзекті. Тәжірибелі алаяқтар «Жұмаққа 50 қадам» секілді қауіпті ойындарды жасап, одан әрі дамытып, қазақтілді ортаны алдауды қолға алған. Көп жағдайда ата-аналар мен ұстаздар көбіне интернетте балалардың не істеп жатқанынан бейхабар. Соның салдарынан осыдан бірер уақыт бұрын талай жасөспірім интернет ойынының құрбаны болды. Мәселен: Таң. Сағат тілі 4.20-ны көрсетіп тұр. Қорқыныштан тісі сақұр-сұтыр еткен Жанна оң қолына сурет сала бастады. Қаламмен емес түйреуішпен. Нәзік қолынан тамшылай аққан қан оған әсер ете қой­мады. Себебі 49-шы миссиясын аяқтауы керек еді. Денесінің қалшылдағанына қарамастан ол қалтафонын қолына алды. Әлгі қанды бейнені суретке түсіріп, «оған» жіберді. Иә, бұл сол кездері «хит» болған «Синий кит» ойыны еді.

Сорақысы сол, соңғы тапсырма – өз-өзіне қол жұмсау. Әйтпегенде, қорқытып-үркітеді-мыс. Бұл ойын жақын жылдары өрмекшінің өрме­гіндей тарай бастады. Оған қатысқаны да, ойыннан от шығып, суицидке бар­ғандарының да қарасы қалың еді. Ойын елімізді айналып өте қоймады. Бірінен соң бірі түрлі әрекетке бара бастады. Бұған не себеп? Бұл бізге қалай жетті? Айтпағымыз «көк кит» емес, осындай ойынды таратушы әлеуметтік желілер. Себебі өзіне қол салғандардың соңғы хабарламасын тексергенде осы желідегі хаттарынан күмән келген.

Дамыған технология заманында қашықтан «басқару» «оларға» түкке тұрмайды. Фишингтік шабуылдың да күн санап артып бара жатқанын ескерсек, сол алаяқтыққа төтеп бере алмайтындар азайып жатқан жоқ. Былтырдың өзінде бұл көрсеткіш едәуір өскен. Шолып көрелік.

 Фишинг деген (англ. phishing, fishing сөзінен – балық аулау) – интернет алаяқтығының кең тараған түрі. Фишингерлер сізді алдап, спам хаттарды, sms, қауіпті веб-сайттардың сілтемесін жаппай жіберу арқылы жалған сайтқа кіргізеді. Жалған сайт сізден пин-код, жасанды сөзді енгізуді сұрайды. Аз ғана уақыттың ішінде алаяқтар сізге қатысты барлық ақпаратты анықтап, жеке шотыңыздан ақша ұрлайды. «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ дерегінде бірыңғай электрондық пошта шлюзі 33 430 хатты спам санатына жатқызып, олардың таралуын тоқтатқаны жазылады. 2020 жылдың қараша айында компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі ақпараттық қауіпсіздіктің 1 453 инцидентін анықтаған. 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда фишингтік шабуылдар саны 83 процентке өссе, тіркелген зиянды БҚ саны 93 процентке артыпты. Яғни 2019 жылы фишингтік шабуылдар саны 19 болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 115-ке дейін өскен. Зиянды бағдарламалар бойынша 2019 жылы 10, былтыр 145 инцидент тіркелген. Сонымен қатар 200 миллионға жуық кибершабуыл тіркелген. Кибершабуыл – онлайн режиміндегі зорлық-зомбылық. Бір деңгейде кибершабуылдау кибербуллингке ұқсайды. Өйткені ол бірнеше рет тітіркендіргіш, жағымсыз хабарлама жібереді.

Жыл сайын ақпараттық қауіпсіздіктің миллиардтаған оқиғасы тіркеледі. Алғашында жай алдаумен басталған дүние шантажға, зорлық-зомбылыққа ұласады. Былтыр шамамен 4 млрд оқиға мен миллиондаған кибершабуыл тіркелген. Жалпы киберқауіпсіздіктің негізгі принциптері – құпиялық, тұтастық және қолжетімділік. Мәселенің мәнісі осында жатыр. Кибершабуылға төтеп беруде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті оқу-жаттығулар ұйымдастырып отырады. Дегенмен киберсауат әр адамда болуы қажет-ақ…

Айнұр Әли