Өткен сенбіде аудан жұртшылығы екі жылдан соң алғаш рет сенбілікке шықты. Қазанға қарағанның қасығы бөлек болса да азығы бір деген. Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы. Өмір сүрер ортаның тазалығы. Әйтпесе, бұлардікі не жорық деріңіз бар. Тиесілі демалысын сәтті пайдаланбай, көше сыпырып не көрінді? Қыс бойы сіз бен біздің көшеге тастаған қоқысымыздан көшелерді арылту керек. Олардың мұндағы мақсаты ортақ меншікті қоқыстан тазарту. Бастысы сіз бен біздің қоқысымыз.
Әріге барайық. Сенбілік басталмай тұрып, көше тазалығы жайына оралайық. «Өз күніңді өзің көр» деген жалған ұран жақсы болды талайға. Содан шықса керек, өзіміздікі жөн болса, өзгенікі күл болмаса, бүл болсын деген ниет пайда болды. Оларға ортақ меншік деген ұғым жат. Әйтпесе, ауласындағы қоқысты көшеге ысыра салу кімге опа береді? Бізде қалыптасқан бір қасиет осы. Аулам таза болса, көшені тазалайтындар бар ғой. Ахметше айтқанда, «отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамаймыз».
Сенбілік басталар бұрын желі арқылы аудан әкімі үндеу жасады. Елім деген ердің ештеңеден аянып қалмайтыны бесенеден белгілі. Үндеуінде әрбір тұрғын қоршаған ортаға жанашырлық танытып, тазалыққа бірдей үн қосуға шақырды. Әкім бастап, өзгесі қоштаған сенбілік солай басталды өзі. Аталмыш шараға ауданның 100-ден аса ұжымы үн қосты. Оған белсенділігімен көзге түсіп жүрген аудан тұрғындарының қосыңыз. Сенбілікке қатысушыларға 28 техника жәрдемдесті. Нәтижесінде акцияға үн қосушылар 70-тен астам көшені, 230 іргелес аумақ пен екі скверді тазалады. Мұнтаздай етті. Қоқыстарды жиып, жол жиегіне қойды. Арнайы техника қоқыстарды полигонға жөнелтті. Шамамен 130 тоннадан астам қоқыс. Біздің және сіздің жыл бойына көше бойына, өз ауламыздан тыс жерге тастаған қоқысымыз десек болады.
«Көшесіне қарап тұрғынын таны» деген тәмсіл бар. Ал тазалық бұл нақылдың құрамдас бөлшегі. Сіздің көшеңіз – сіздің айнаңыз. Үйдегі айнаның бетін ағал-жағал күйде қоймайсыз ғой. Жалтырап тұруы үшін жиі бетін сүртесіз. Сол сықылды көшенің де тазалығын ойлап қойған абзал.
ЖШ Ақпарат