Алматы облысында 2021 жылы 1107 өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 34 адам ажал құшып, алтауы зардап шеккен. Өкінішке қарай, жыл басынан бері тілсіз жау тағыда лап беріп, 135 жағдай тіркелген. Нәтижесінде 7 азамат қаза тапты. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Ахашов мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап осы уақытқа дейін қызыл жалынның кесірен 4 млн.теңге мартериалдық шығын шыққан. Өрттен бөлек, улы газбен уланудың 4 фактісі тіркелген, 6 адам мерт болса, 5-еуі жарақат алған. Газбен уланудың соңғы жағдайы облыс орталығының жанындағы Еңбек ауылында орын алды. Арты орны толмас қазаға алып кеп соқты. Бір отбасының 4 мүшесі көз жұмды.
«Марқұмдардың денелерін жергілікті тұрғындар таптқан. 2 ақпан күні полициядан Еңбек ауылынан төрт адамның мәйіті табылғаны туралы хабар келіп түсті. Анықталғандай, көз жұмған 4 адамның екеуі бала. Алдын ала болжам бойынша, бұл кісілер 2-3 күн бұрын қайтыс болған. Марқұмдардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді»,-деді спикер.
Жалпы өңірде 2021 жылы улы газбен уланудың 12 жағдайы тіркелді, онда 19 адам жарақат алды, 8-і қайтыс болған. Айта кетейік, өткен жылы улы газдың кесірінен балалардың қаза болуы мен жарақаттануы тіркелген жоқ.
Жылыту маусымы кезінде, өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қабылдануда. Алдағы таңда, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде 1464 бірлік түтін хабарлағыштарын және 831 бірлік улы газды анықтау датчиктерін орнатылмақ. Бұл үшін облыс бюджетінен аудандарға 5 млн.298 мың теңге бөлінді деп күтілуде.