Алматы облысында деструктивті діни топтарға тіркелушілер саны 22%-ға азайған

Адамзат руханиятының алтын діңгегі, құндылықтардың бастауы, тіпті мемлекеттік басқарудағы үш тағанның негізгісі де -дін. Ислам мәдениеті мен өркениетінің темірқазығының айналасына көлеңке түсіретіндер соңғы жылдары қаптады. Ол діннің атын жамылған — экстремистік ағымдар. Мамандар, аталмыш топтардың қатарын қоғамда өз орнын таба алмаған азаматтар мен діни сауаты қалыптаспаған жастар толықтырып келе жатқаны байқалады деуде. Сәйкесінше, елдегі діни ахуал күрделеніп тұрған жайы бар.
Жалпы, Алматы облысында «Діни экстремизммен терроризмнің алдын алу» бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Нәтиже жаман емес, дегенмен теріс ағымның жетегінде кеткендермен күресті бір сәтке тоқтатуға болмайды.
Өткен жылы Жетісу жерінде 1 млн-нан астам адамды қамтыған 2896 шара өткен. Басты мақсат- өңірде халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру мен тұрғындарды діни экстремизммен терроризм идеяларынан алшақтату.
Алматы облысының Дін басқармасы аймақтың діни ахуалына жедел мониторинг жүргізу мақсатында «Аналитикалық Интернет карта» бағдарламасының көмегіне жүгінуде.
Бағдарламаның көмегімен діни ағымдардың таралуына, интернетте деструктивті топтардың тіркелушілеріне мониторинг және зерделеу жұмыстары жүзеге асырылуда.
«2021 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша Вконтакте желісіндегі деструктивті діни топтарға тіркелушілер саны 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 22%-ға төмендеді. Бұдан бөлек, талдау барысында 16 мемлекеттік қызметшілердың, 5 құқық-қорғау қызметкерлерінің, 10 діни қызметшілердің, 100-ге жуық студент жастардың деструктивті контент қолданатыны анықталып, мамандар тарапынан тиісті түсіндіру шаралары жүзеге асырылды»,-дейді «Дін саласындағы мәселелерді зертеу орталық» КММ-ың директордың орынбасары Сағыныш Жанабай.
Дегенмен, атқарылған жұмыстарға қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі ДДА жақтастарының саны 33,5%-ға өсіп отыр. Өңірдегі діни ахуалдың күрделенуіне Алматы қаласының облыс шегінде орналасуы және халықтың тығыз қоныстануы әсер етуде.
Облыста ДДА идеологиясының таралу ошақтары неғұрлым экономикалық қолайлы аудандар болып табылады. Атап айтқанда: Қарасай ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы, Панфилов ауданы, Іле ауданы, Жамбыл ауданы, Талғар ауданы, және Талдықорған қаласы. Айта кетейік, өзге діннің жетегінде кеткендермен оңалту жұмыстарын жүргізуде назардан тыс қалмаған. Бұл бағытта, басқарма жанындағы Оңалту орталығының мамандары барын салуда.