Қыздарымыздың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі- Балауса Көпбосынова, Ескелді аудандық аурухананың акушер-гинегологы

Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу – әрбір ата-ананың арманы. «Балам – болашағым» деген жұрттың ұрпағы болған соң пайым солай. Алайда жүктілік кезінде һәм жүктілікке дейін аналар қауымы дәрігердің алдына бара қоймайды. Жасырын емес, әдет пе, қалып па, жан мұрынның ұшына келгенде ғана ақхалаттыларды жағалайтын әдетіміз. Қазіргі қоғамды отбасын жоспарлау, жоспарлы бала туу ұғымдары қалыптасты. Денсаулық сақтау саласында мұндай маңызды шешімдер ана мен бала өмірін қамсыздандыру бағытында дүниеге келді. Сау ұрпақ және дені сау ана қалыптастыру үшін жасалған мұндай ауқымды жұмыстар ана мен бала өлімін азайтып, ұрпақ саулығы жолында барынша қам жасалды. Дүниеге ұрпақ әкелу ойланбай жасалатын қадам емес. Осындай ауқымды тақырыптар өзегінде маманмен тілдесіп, аудандағы ана мен бала саулығын қалыптастыру мақсатында аудандық аурухананың акушер-гинекогы Балауса Көпбосыновамен тілдестік.

— Әдетте дәрігерлерді ақхалатты абзал жан деп жатамыз. Жалпы дәрігер болу, абзал жан атану үшін не қажет?
— Дәрігердің бойында ең алдымен мейірімділік пен адалдық болу керек, өз ісін шексіз сүюі тиіс. Өйткені адам өзіне ұнамайтын шаруамен айналысса, ісі алға баспайды. Білікті болу — міндет. Медицина саласы бір орында тұрмайды. Ағымына ілесу үшін үздіксіз оқу керек. Кез келген адамды күштеп дәрігер қылу мүмкін емес. Көптеген танысым бар, медицина саласын оқып, жұмыс істей алмай, басқа салаға бет бұрған. Дәрігерлікті жүрегіммен таңдадым. Ес білгелі дәрігер болуды армандадым. Бала кезімнен басқа мамандықтар тіпті қызықтырмады. Кейде балалар ата-анасына, туыстарына немесе белгілі адамдарға еліктеп, мамандық таңдап жатады. Маған «адамнан қалай адам шығады» деген сұрақ 13 жасымнан қызық болды. Дәл осы сұрақ мені сәбиге өмір сыйлайтын маманға айналдырды.
— Атаулы сала осы уақытқа дейін қандай өзгеріске ұшырады? Жаңашылдыққа үлгеріп жүрмісіздер?
— Қазақ Ұлттық Медициналық университетін тәмамдаған соң 2010 жылы аудандық ауруханаға жұмысқа орналастым. Елімізде жастар саясатының тамырына қан жүгіртіп, білікті мамандарды ауылдық жерге тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушысы атандым. Денсаулық сақтау саласының сол кездегі жайы мен бүгінгі күнді салыстыруға келмейді. Бар-жоғы 12 жыл ішінде көп дүние өзгерді. Қазір әрбір жүкті әйелге таңсық емес кардиотокография аппараттары іске қосылған. Кардиотокография — ультрадыбыспен және алдын-ала өлшеумен бірге ұрықтың жағдайын кешенді бағалау құрылғысы. Бұл процедураның көмегімен дәрігерлер жатырдың қысылуын және іштегі нәрестенің жүрек соғуын жазады. ҚТГ кез келген мәселені алдын ала анықтауға және оларды уақытында шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ультрадыбыстық зерттеу, яғни УДЗ (УЗИ) аппараттарының көптеген түрі бар. Барлық мүмкіндік жасалған. Тек еңбектену ғана қалды.
— Соңғы екі жылда әлемді уысында ұстаған пандемия уағында сіз қызмет ететін саланың жұмысы қалай болды? Аты жаман індет уағындағы ана мен бала өміріне деген қырағылық төмендемеген болар?
— Атаулы вирус қай саланы болмасын аяған жоқ. Десек те жүкті ананың мәселесін май шаммен қарамаса болмайды. Қай кез де акушер-гинекологтың қоғам, ана мен бала алдындағы жауапкершілігі өте зор. Қазір де салмақ сондай. Біз бір емес, екі адамның өміріне жауаптымыз. Пандемияға байланысты жұмысымыз күрделенгені рас. Себебі коронавирус ананың денсаулығына кері әсерін тигізетінін белгілі. Аудан бойынша 2021 жылы 82 жүкті әйелден коронавирус инфекциясы анықталды. Вирусты пневмониямен 106 ана ауырды. Жұмыс қанша ауыр болса да, дәрігерлер бар жанын салып, қаншама ана мен баланың өмірін сақтап қалып жатыр. Зерттеулерден жүкті әйелдерде басқаларға қарағанда коронавирус жұқтыру қаупі жоғары емес екенін көрсетті. Алайда ағзадағы және иммун жүйесіндегі өзгерістерге байланысты жүктіліктің соңғы айларындағы жүкті әйелдерге кейбір респираторлық инфекциялар қатты әсер етуі мүмкін. Бүгінде ауданда 486 аяғы ауыр ана бар. Сондықтан әлі де алқымға жармасқан індет уағында жүкті аналар сақтық шараларын сақтағаны абзал.
— Жүктілікті жоспарлау, отбасын жоспарлау жайында айта өтсеңіз…
— Өткен жылы 1036 сәби дүниеге келді. Оның ішінде жалғыз егіз жарық дүние есігін ашты. Дана жұртымыз жоспарсыз өмір сүрмеген. «Қыс арбаңды, жаз шанаңды қамда» деген тәмсілдің өзі соны аңғартады. Еліміздің басым саясатының бірі — демографиялық өсім, оның ішінде ана мен бала саулығын қалыптастыру. Әдетте жоспарлы бала туу дегенде бала санын шектеу деген санада қылаң береді. Қысыр ойдан аулақ болған жөн. Отбасын жоспарлау, жоспарлы ұрпақ әкелу – аналардың денсаулығын қалыптастыруды, дүниеге сау ұрпақ әкелуді орайластырады. Денсаулығы нашар ана сау ұрпақты жарық дүниеге әкеле алмайды. Қазір қиын заман. Болашақ ананың денсаулығына әсер ететін түрлі жайт бар. Экология, сапасыз азық, әлеуметтік-психологиялық ахуалдар, отбасылық жанжалдар. Міне, осындай кері әсері бар ахуалдар ана денсаулығын нашарлатады. Кез келген ата-ана бұл іске өте жауапты қарауы керек. Ерлі-зайыптылар бұл өмірге қанша бала әкелетіні, оны қай кезде әкелетініне дейін ойлануы шарт. Кейде ауырамыз, материалдық жағдайымыз төмен болады немесе басқа проблемалар болады. Оның барлығы болашақ балаға әсер етуі мүмкін. Сондықтан сәбилі болғысы келген ата-ана осының барлығын ескеруі тиіс. Міндетті түрде өз денсаулығын 6 ай бұрын анықтап, емделуі керек. Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін толтыру керек. Тіпті осының барлығы орындалған жағдайда білгілі мерзім бойы фолий қышқылын қабылдау керек. Ол – ұрықтың туа бітті кемістіктерінің алдын-алудың бірден-бір жолы. Қаназдық, бүйрек, жүрек жетіспеушілігі, жатырдағы инфекциялық аурулар, қан қысымы секілді ауруларға жеңіл қарауға болмайды. Себебі, бұл құрсаққа біткен бала денсаулығына әсер етеді. Әр шаңырақ сау ұрпақ дүниеге әкелу үшін ананың денсаулығына баса назар аударуы қажет.
— Болашақ аналарға, қыз-келіншектерге, бойжеткендерге қандай кеңес бересіз?
— Бастысы, бойжеткендермен жыныстық сауат жайында сөйлескен абзал. Қыздар сәулім жасқа таяғанда денесінде өзгерістер пайда болады. Ал, мұндай сәтте ананың, жеңгенің, әпкенің ақыл-кеңесі болмаса, бойжеткендеріміздің психологиясында өзгерістер орын алуы мүмкін. Қазақ қоғамында жыныстық сауат жайы қисынсыздау көрінеді. Әдетте солай. Алайда баба жұрт салтында қыз тәрбиесіне көбіне-көп жеңгелері жауапты болған. Олар қайын сіңлісінің дұрыс жетілуіне, қалыптасуына зор әсер етіп, ақыл-кеңесін беріп отырған. Қазір жеңгелер мұндай «қызметті» ысырып қойған. Есесіне бойжеткендеріміз қажетті ақпаратты ғаламтордан алуда. Ал интернеттегі ақпардың бәрі дұрыс дей алмаймыз. Бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Ал, ана елдің болашағын жарқын етер ұрпақ әкелуші. Болашақ үшін қыздың денсаулығын бүгін қалыптастыруымыз қажет.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан: