Алматы облысында балалар үйлерінің түлектерін әлеуметтендіру және қолдау мақсатында «JAS QADAM» жобасы жүзеге асады

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар интернаттан шыққаннан кейін де көмек пен қолдауды қажет етеді. Осы мақсатта Алматы облысында балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін бейімдеу мен оңалтуға бағытталған жобалар іске асуда. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.
«JASQADAM» жобасының басты мақсаты балалар үйлерінің түлектерін дербес өмірге, олардың әлеуметтенуі мен бейімделуіне дайындау.
Сонымен қатар, орталықта құқықтық сауаттылықты арттыру, коммуникативтік дағдыларды, этиканы қалыптастыру, сапалы білім беру процесін қамтамасыз ету, психологиялық көмек көрсету және т. б. бойынша іс-шаралар кешені өткізіледі.
Жоба балалар үйлерінің түлектерін дербес өмірге бейімдеу мәселесін шешу үшін оқу орындарымен өзара байланыс орнатады. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесіп, жұмыспен қамту орталығына қою кезінде көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Сондай-ақ балалар үйлерінің жұмыссыз түлектері арасында бизнес-жобалар конкурсын ұйымдастырылады.
«Атамекен» ҰКП қызметкерлерімен бірлесе отырып, балалар үйлерінің 22 түлегімен бизнес-тренингтер өткізілетін болады. Оқытуды білікті тәжірибелі бизнес-жаттықтырушылар жүргізеді. Балалар үйлерінің 22 түлегі жоба қорғайды. Жоба аясында балалар үйлерінің түлектері үшін аспаз мамандығы бойынша айлық оқыту курстары ұйымдастырылмақ. Курста барлығы 5 түлек оқытылады. Курс аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға сертификат беріледі.