Алматы облысында Назгүл Ақжолтаева мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жартылай фабрикаттар шығаратын шағын цех ашты. Ол Қапшағай қаласының маңындағы Шеңгелді ауылының бес мың тұрғынын өз өнімімен қамтамасыз етіп отыр.
Назгүл Ақжолтаева мамандығы бойынша педагог, алайда осыған дейін онлайн-бизнеспен айналысып келді. Жеке ісін дүкен ашудан бастағысы келгенімен, кейін өнім шығару бағытына бет бұрды. Осылайша Назгүл торттар, бәліштер пісіре бастады, жемістерден гүл шоқтарын жинап, сатты. Өндірісті одан ары дамытуға Кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қалалық филиалының мамандары қолдау көрсетті. Жас кәсіпкерге «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша жобаға қатысып, кейін қайтарымсыз грант алуға өтінім беру ұсынылды.
«Бастау Бизнес» курсына қатыса отырып, өңірімізге қажетті тауарлар нарығын зерттеп, талдау жасадым. Тұрғындардың үйде дайындалған, консерванттарсыз, мұздатылған жартылай фабрикаттарға сұраныс бар деген пікірге келдім. Осылайша мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын цех аштым, енді өз дүкенімді ашу үшін жұмыс істеп жатырмын», – деп бөлісті кәсіпкер.
«Еңбек» бағдарламасы аясында Назгүл Ақжолтаева 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа жартылай фабрикаттар шығаратын цех үшін жабдық сатып алды. Цехта тұшпараның үш түрі, варениктің үш түрі, котлеттер, қырыққабат орамы, мәнті, хинкали, самса, толтырылған бұрыш жасалады. Ай сайын Damdi Alem брендімен 120 кг өнім шығарылады.
«Тұшпараны және басқа да өнімдерді қамыр мен тартылған ет сапасын жоғалтпай, химиялық қоспаларсыз қолымызбен жасаймыз. Сатып алушыларымызға сақтау мерзімі аз балғын мұздатылған өнімдерді ұсынамыз. Тұрғындар арасында көкөніс шырындарынан түрлі-түсті тұшпара ерекше сұранысқа ие. Қазір менімен бірге екі адам жұмыс істейді. Келесі жылы өнім ассортиментін кеңейтіп, жеке дүкенімді ашуды жоспарлап отырмын», – дейді кәсіпкер.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша 3,1 мыңнан аса жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылды. Өткен жылдары аяқтағандарды ескере отырып, жоба бойынша оқытылғандардың ішінен 1600-ден астам бизнес-жоба мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.