Алматы облысында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 161 науқас есепке алынды

Ағымдағы жылы Алматы облысында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 161 науқас есепке алынды. Бұл туралы Jetisy’ Media ақпараттық алаңында Алматы аймақтық Көпсалалы клиникасының онколог-маммолог дәрігері Даулет Айдаров мәлімдеді.
2020 жылы қатерлі ісікке душар болған 9244 науқас анықталды, оның ішінде 1911-і сүт безі обырымен ауырады, бұл жалпы санның 21% — ын құрайды.
Сүт безі қатерлі ісігінің белгілері ерекше – адамның еш жері ауырмайды, сондықтан аурудың барысы байқалмауы мүмкін. Сүт безі обырының басты белгілері: емшек ұшының ішке қарай тартылуы, жараның пайда болуы, емшек безінің қатаюы және ауыруы, сұйықтықтың бөлініп шығуы, қызару және қышу, салмақ жоғалту және әлсіздік.
Сондай-ақ, көпшілік бұл аурудың ер адамдарда да дамуы мүмкін екенін ұмытып кетеді, сондықтан көбінесе ерлер маммологқа қаралуға асықпайды.
«2020 жылы сүт безі обырынан 66 адам көз жұмды. Бұл онкология бөлімшесінде қайтыс болған пациенттердің жалпы санының 8,5%», – деп атап өтті Даулет Айдаров.
2021 жылдың 9 айында сүт безі қатерлі ісігі бойынша 161 науқас есепке алынды. Оның ішінде I сатыдан-62, II сатыдан — 65, III сатыдан – 17, IV сатыдан — 17.
2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша сүт безі қатерлі ісігінің скринингі 57,6% — ға орындалды. Жоспарланған 116384 пациенттің 67100-і тексеруден өтті.
Бір қарағанда, жоғарыдағы барлық статистика қарапайым сандар сияқты көрінеді. Алайда, бұл аурудың барысын байқамаған және өмір үшін күресетін адамдар. Қатерлі ісікті емдеу өте қиын, ал оның алдын алу оңай. Сондықтан маммологқа жылына кемінде бір рет барып, сүт безінің қабыну процестерімен (мастит) немесе емшек сүтімен байланысты емес белгілер пайда болған кезде дәрігер көмегіне жүгінген абзал.