Іле ауданында халықтың 69%-ы екпе салдырған

Іле ауданында екі аптада 128 адам вирус жұқттырған. Ал пандемия басталғалы бері бұл аймақта 4158 тұрғынның коронавирусқа шалдыққаны зертханалық тексеріс нәтижесінде анықталған,-деп хабарлайды «Jetisy Media».
Өкінішке орай, балалар арасында індетке шалдығу дерегі өршіп тұр. 2020 жылы Іле ауданында 14 жасқа дейінгі балалардың 50-нен вирус табылса, ағымдағы жылдың басынан осы кезеңге дейін КВИ-дің 465 жағдайы тіркелгені расталып отыр. Мектеп жасындағы оқушыларға келер болсақ, қаңтар айынан 13 қазанға дейінгі аралықта 282 оқушы коронавирусқа шалдыққан.
2021-2022 оқу жылының басынан аудандағы 13 ұстаз бен 25 оқушы індеттің ілмегіне іліккен. Жалпы, аудандағы 57 мектептің 19-ында коронавирустық инфекция жұқтыру дерегі тіркелген. Бүгінгі күні, аймақтағы 8 мектептегі 30 сынып, яғни 670 бала қашықтан оқып жатыр.
Қазіргі таңда инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы-халықты вакцинациялау. 14.10.2021 жағдай бойынша ауданда екпенің 1 компонентін 89954 адам, вакцинаның екінші бөлігін 81165 тұрғын қабылдады. Екпе алғандардың қатарында, 4496- ұстаз, 2035-медицина қызметкері, 188- полиция қызметкері бар. Екпе алуға жататын халықтың 69%-ы вакцинаны4 1 компонентімен егілді.
Айта кетейік, ауданда санитарлық нормаларға сәйкес жабдықталған 18 егу пункті, сондай-ақ 2 жылжымалы егу бригадасы жұмыс жасайды.