Жетісулық ару ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел қоржынына екінші алтын жүлдені салды

Сауд Арабиясындағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Руфина Чалкарова екінші жеңісті елге әкелді. Бойжеткен Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта ол Талдықорған қаласындағы спорт-интернатында 10-сыныпта оқиды.
Спортшы 81 келіден жоғары салмақ дәрежесінде үздік атанды. Қоссайыс есебінде ол 247 (107+140) килограмм көтерді.Екінші орын Бразилиядан келген Тиана Жустиноға бұйырды-219 келі. Қола медальді Фатмагуль Чевик (Түркия) жеңіп алды — 203 келі. Айта кетейік, бұған дейін бірінші орынды 102 келіге дейінгі салмақта Рахат Бекболат иеленген еді.
Айта кетейік, бойжеткен жасөспірімдер арасында ҚР бірнеше дүркін чемпионы.
— Өз жеңісімді Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын. Әрине, қиын болды, бірақ мен соңына дейін шыдадым. Мұның артында үлкен еңбек тұр. Күнделікті жаттығулар, жаттықтырушының спорттық рухты қалыптастыруы, жерлестердің қолдауы жеңіс туын желбіретуге жігер берді, — деп атап өтті Руфина Чалкарова.