Ертегі һәм ел ертеңі

Қазір біздің дертіміз көп. Ыңқыл-сыңқылымызды өзіміз елемеген соң, өзгелер қайдан мəн берсін. Тіл — тілім-тілім, діл — жұлым-жұлым. Бірақ біздің емделуге еш құлқымыз жоқ. Содан келе дамыған елулікке, ілгерілеген отыздыққа енеміз деп ұрандаймыз. Жөн-ақ, мəреде ауыздықпен алысқан 29 арғымақ тұр делік. Қатарына біздің сəйгүлік те қосылды. Аты-ау сəйгүлік деген. Тұла бойы жылтырап тұрғанмен, ағзасының дерті көп. Өкпесіне суық тиген, аяғына жем түскен, ұрты өскен тұлпар өзге пырақтарға ілесе алар ма екен? Жоқ! Өйткені, сырқаттың жайы белгілі. Біздің де жай осыған саяды.
Газеттің əр санында дерт-дерт деп қақылдап қалды ғой деуіңіз орынды. Ахаңша, Ахмет Байтұрсынша айтқанда, «жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. От басына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамайды». Ол рас. Мойындау да ерлік, ақиқатты мойындау тіптен бөлек дүние.
Мақұл, иландыңыз делік, қазақтың дерті не деуіңіз де орынды. Саралап берсек, бірінші ұрпақ тəрбиесі. Сізге мəселе еместей көрінер, бірақ ұрпағыңызға сұрағанын əперу тəрбие болмас. Соңыра жөнді тоқталайық. Екінші, ажырасу. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бұл індет бес елі бақ емес, жүз елі сор болып тұр. Үшінші, некесіз ұрпақ немесе жарты отбасындағы шата бала. Төртінші, ата-ананың қисынсыз міндеті һəм үлкендердің мардымсыз өсиеті. Тарқата берсек, қанша дертті балаққа жабыстырғанбыз деуіңіз мүмкін. Оған да жауап даяр. Өйткені қоғамдық дерт дегенің ошаған іспетті дүние, орайсыз шабындыққа кіріп шықсаңыз, балаққа жармаса кетеді. Айта берсек көп. Бірақ көп індеттің пайда болуына не түрткі? Осынша уақыт дертімізді жасырып келгенбіз бе? Қай індеттің де батпандап кіріп, мысқылдап шығар əдеті емес пе? Əйтпесе, бұ қазақ талай дəуір ыңқыл-сыңқылсыз-ақ тіршілік етіп келді. Ал бүгінгі не жайт? Жайттың екі себебі бар: əжелер институтын «тарқаттық» жəне ақсақалдар мектебін «жаптық». Ақиқаты сол, еш мектеп бере алмас тəрбие ошақтарының есігіне қара құлып салдық.
Қазақ баласының өресінің биік болатұғыны — бесік жырымен ұйықтап, ертегімен қиялына қанат бітіруі. Сенбейсіз бе? Абайды алыңыз. Мағжан мен Ахметті, Шоқан мен Ыбырайды алыңыз. Болмаса кешегі əжелер институты тарқамай тұрған шақтағы қазақтың кез келген тұлғасын алыңыз. Қай жағынан да олардың аты «бəйгеден» оза шабады. Тағы бір мысал, «адамтану ғылымының» ғалымдары қай қасиеттің де əуелі балаға үш жолмен даритынын дəлелдепті: біріншісі — ана сүтінен, екіншісі — баба қаны, үшіншісі — ана үні. Тыңнан түрен салып, жаңаша ғылым ашпақ ой жоқ, бірақ бұл бар ғылыммен дəлелденген ақиқат. Ана сүті дегенге мысал, «Аязби» ертегісін оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз баяндайын, Аязби хан болмастан бұрын үш жаманның қатарында хан ордасына келеді. Сонда Мадан хан жаманға əуелі бəйгенің алдын бермес сəйгүлігін сынатыпты. Əлгі жаман атты мініп ап былай шабады, олай шабады. Біршама уақыт өткенде хан алдына келіп: «Тақсыр, мынауыңыз таза тұлпар емес» дейді. Сонда тақ иесі ашулана жөнеледі. Өз уəжін айтады. Жылқының шығу тегін саралайды. Бірақ жаман ойын өзгертпей, жылқы сынын сол күйі қалдырады. Содан хан мəн сұрайды. Сөйтсе жылқы судан өткенде аша тұяқты болмаса да артқы аяғын сілкитін көрінеді. Хан мойындапты, жылқы тай күнінде жетім қалып, сиырды емген екен. Бұл — сүттен даритын тəрбие. Хан жаманның тапқырлығына тəнті боп, өзін сынатыпты. Аязби ханға «қанша керемет билеуші болғаныңмен жеті атаңнан хан емессің» дегенді айтады. Хан долданып, ата-бабасынан хан болғанын алға тартады, егер бұл болжамы жалған болса, «көріпкелдің» басын алатынын ескертеді. Ордаға хан анасы шақырылып, шындық сұралады. Гəп қайда жатыр? Шындығы сол, хан жеті атасы түгіл, бір атасынан да хандық меншігі емес екен. Хан анасы бұрынғы Зəрлі ханға жетінші тоқал боп тиеді. Алдыңғылардың бəрі мұрагер емес, қыз болған үшін басы алыныпты. Содан хан-Ана көріпкелге барып, ішіндегі тіршіліктің қыз жынысты екенін біледі. Хан қаһарынан қорыққан тоқал наубайханашымен серттесіп, қатар босанған ұлды өз бауырына басып, қызды наубайшыға ат басындай алтынға айырбастайды. Мадан хан ақиқатқа көз жеткізген соң, жаманнан шындықты қалай аңғарғанын сұрайды. Аязби ордаға келгенде оны алдымен асханаға жөнелтіп, көже мен нанға тойдыруды тапсырады. Жеті атасынан хан болғанда билеуші өз аузына қазы-қарта салмайынша мейманына дəм татырмайтын үрдіс бар екен. Бұл — екінші, тəлімнің қанмен берілер сипаты. Үшінші — əлем ғалымдары тəрбиенің дені бала алғаш естіген үнінен бастап берілетінін айтады. Қазақта «Əке көрген — оқ жонар, шеше көрген — тон пішер» деген бар. Бұл маңда не қыз, не ұл жайында айтылмаған. Қыз да, ұл да əке көрсе оқ жонады, шеше көрсе тон пішеді. Қазіргі қоғамда балалардың дені шеше тəрбиесінен сусындап жүр.
Бірді айтып, бірге кетеміз. Əжелер институтының «жабылуына» не себеп? Қазіргі əжелер өз миссиясын жете түсінбеуі мен балабақша деген дүниенің белең алуы сеп. Балабақшаға баланы бермеуге болады, егер əжелер өз міндетін жүйелі жүзеге асырса. Шыны керек, қазіргі əжеге немересіне ертегі айтып, бала қиялын қанаттандырғаннан гөрі, Анандидің зары мен Иша һəм Топасьяның мұңы артығырақ. Үндінің сериалына телміргенді немересіне тəлім беруден артық көреді. Мойындайық, қазіргі балалар телефонға телміріп бұрышта отырады, құйтырқы батыстың ылаңына кіріп кетеді. Есесіне əжелері таңды таңға ұрып, азаннан кешке дейін үнді хикаясына телініп отырады. Тағы бір мысал, балалардың ата дəстүрден ажырап қалуына да əжелердің міндетін дұрыс атқармауы сеп. Өйткені қазіргі бойжеткендер кесте тікпейді, құрақ құрамайды, ою оймайды. Соның салдарынан ажырасу көп. Бірдің екіге себі қандай? Кесте тігу, ою ою, құрақ құрау қазақ қызын шыдамдылыққа, төзімділікке тəрбиелейді. Өмірдің қиын сынынан сүрінбеуге, əйелдің қандай да тауқыметке төзуіне үйретеді. Қазіргі көп бойжеткенде төзім жоқ. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген. Миллионды шашып үйленеді, бірер жылдан соң ажырасады. Өйткені кесте мен құрақ ұялатқан бойжеткендердің бойында табандылық жоқ. Бұл бір ғана мысал. Əжелер институты қазір жоқ, сондықтан ұлттың өткенін ертеңге жеткізетін ұрпақ жоқ. Рухани байланыс жоқ. Екінші Абай, екінші Шоқан жоқ. Себебі Абайлар мен Шоқандар, Зере мен Айғаным əжелер институтында еш университет бермеген тəлімге сусындады.
Аталар мектебі жоқ қазір. Мұхтар Əуезовты білесіз бе? Ол қалай қазақтың сұңғыла жазушысы болды? Атасы Əуезге еріп, Абай ауылына барады екен. Ақсақалдардың əңгімесіне елітіп, жазушы болды. Абайды танытып, қазақтың сөз өнерін дамытты. Мысал көп бұл жайында. Қазір мектептің кез келген оқушысын алайық. Əрине, ер жігітін. Қамшы өрдірейік. Мал жіліктетейік. Қазақтың салтынан сауал қоялық. Жауап бере алар ма? Ілеу де біреуі ғана. Өйткені, қазіргінің қариясы немересін ертіп алқалы жиынға барып, ұрпағына ұлағат қалдырғаннан, зейнетақысы түсіп, бір мезгіл көңіл көтеріп, құмар қандырғанды құп көреді. Аталы сөзден гөрі пышым-пышым өсекті ұнатады. Талай жиынды көріп жүрміз. Баталы сөз бен аталы өсиетті ұмыт қалғалы қашан. Жоқ емес бар, жеті атасын жаттатып, немересін азамат болуға тəрбиелегендер. Бірақ сирек. Ойыма бір оқиға оралып отырғаны. Бірде аузы дуалы деген жетпістің жотасына шыққан кісіге «ақсақал» деп əңгіме айтып сөз естігенім бар. Ақсақал болғысы келмеген кісінің жайы қартаймау екен. Баяғының қариясына қарттық нағыз ұрпақ тəрбиелейтін шақ еді. Қазіргілер «ақсақалдықтан» қашады.
«Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» — дейді батыр Бәукең. Қазір бізде үшеуі де бар. Айтып-айтпай не керек, қазақтың ұрпағы қазақ болу үшін əжелер институты мен аталар мектебі жұмыс істеуі керек. Əйтпесе, бүгінгі талай дерттің арты «жұқпалы» болуы мүмкін.