Ұлт құндылығы ұрпаққа аманат

Кез келген халықтың тілі, діні, әдебиеті, өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрі болары анық. Солардың барлығы бір сөзбен ғана «ұлттық құндылық» деген ұғымның төңірегіне топтасады. Ал осы ұлттық құндылықтардың ұрпақ тәрбиесінде алар маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтар қаншалықты құрметке ие? Ғасырлар бойғы салт-сана мен дәстүрлі ғұрыпты сақтай білу керектігін білсе де, қазіргі жастар арасында ата-баба мұрасына немқұрайлы қарау орын алып жатқаны да жасырын емес.

Осындай немқұрайлылық өз тілін, дінін, дәстүрін білмеуге, қадірлеп, қастерлей алмауға, тіпті асыл қазыналарымызды уақыт өте бере ұмытуға дейін әкелуі бек мүмкін. Ал бұл өз кезегінде ұлт пен сол ұлттың құндылықтарының арасын алшақтатуға күш салатындар үшін таптырмас мүмкіндік.
Бүгінде ұлттық құндылықтарымызды, ата-баба салған сан ғасырлық дәстүрлі құндылықтар мектебін білмей жатып, діни сауаттылығын жетілдірмей тұрып, жолында кезіккен біреудің жымысқы идеологиясын санаға сіңірген ұрпақтың саны күн өткен сайын артуда. Бұған ең алдымен жастар арасында кеңінен танымал әлеуметтік желілердің ықпалы басым. Себебі, қазір ақпарат ағыны көп. Білгің келген нәрсенің жауабын ғаламтордан жылдам әрі оңай табуға болады. Осы тұста түрлі желілердің арасында адамға пайдасымен қоса, зиянын тигізетін ақпараттар да жетерлік. Соның бірі – діннің атын жамылған деструктивті діни ағымдардың идеологиясын құрайтын ақпарат көздері.
Ғаламтор желілерінде дінге байланысты ақпарат іздеген адамға мыңдаған дерек көзінің шығатыны белгілі. Осы ақпараттардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін көп адамдар аңғара да бермейді. Соның салдарынан кей жандардың санасында күмәнді ойлар қалыптасып та жатады. Өйткені деструктивті теріс бағыттағы діни ұйымдар ғаламтор арқылы өз идеологияларын таратып, жақтастарының санын арттыруды қалайды.
Сондықтан, жастардың жат ағым жетегіне еріп кетуінің алдын алу үшін ең алдымен отбасында берілетін тәрбиенің мығым болуы маңызды. Сан ғасырлық ата-баба дәстүрі мен дәстүрлі діни құндылықтарды сабақтастыра отырып тәлім-тәрбие бергенде ғана діни сауатты, өз дәстүрін толық ұғынатын ұрпақ өсіруге болады. Одан кейінгі кезекте мектеп қабырғасы мен жоғары оқу орындарынан алатын тәрбие көзі тұнық болуы шарт. Сонда ғана толық кемелді, ұлтжанды, діни сауатты ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды аманат етіп қалдырамыз.

Ақжол Асанов
«Алматы облысының дін істері басқармасы» ММ «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің маман-дінтанушысы