Шамшырақ

Әр пенде балауыз іспетті. Ал сол балауыздың тұтатушысы – ұстаз. Бір сөзбен айтқанда ұстаз – шамшырақ. Бұл қалай деген ойдасыз, білем. Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде түсірілген «Менің атым – Қожа» фильмін тамашалаған шығарсыз? Сол картинаның өзегінде Рахман ағай «Ұстаз кез келген шәкірттің шамшырағын жағуы тиіс» дегенді айтады. Міне, ұстаздың ұлы міндеті осы. Шын мәнінде қазақта ұстаздан асқан ұлық мамандық жоқ. Әкім де, хәкім де, ел басыда, қолбасы да ұстазға бас иеді. Содан болар, ұстаздық еткен қадірлі, тәлім берген құрметті.
Осынша тәмсілді әңгімені неге айтып отырсыз деген сауал туындауы да заңдылық. Сауалыңызға жауап болсын, біз өмір сүріп отырған қоғамда құрметті педагогтер де жоқ емес. Аса көп деп те айта алмаймыз. Өйткені, мынаны түйсінген абзал, ұстаз бен мұғалімді шатастырудың қажеті жоқ. Кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай «шамшырақ жағу» қабілеті болмағандар ұстаздық етті деу қисынсыз дүние. Әңгіме ауанына қайтып келелік, ауданда қадірі бар, өз құрметіне ие болған педагогтар қатарына кімді жатқызамыз? Әрине, Шолпан Жақанованы! Қалай және не себеп? Себебін таразылап көрелік…
Ш.Әбілқызы саналы ғұмырын білім беруге арнапты. Әлі де арнап келеді. Біліммен қатар тәрбиенің де тізгінін қатар ұстап жүр. Бүгінгі қызметі осы қос тарапты бір арнада ұштастырған. Сонау 1987 жылы мақсаты мен арман-міндетін бала тәлімі мен білігіне арнауға бел буған кейіпкеріміз Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылының тумасы. Мұндағы мектепті тәмамдап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінде білімін шыңдайды. 1990 жылы Ескелді ауданындағы еңбек жолын Жалғызағаш орта мектебінде педагог-ұйымдастырушы болып бастап, араға екі жыл салып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ізденушілерге тәлім береді. Мұнан кейін 1994-97 жылдары «Жігер» балалар шығармашылық орталығының меңгерушісі болса, 2001 жылдан бері аудандық білім бөліміне қызмет ауыстырады. Білікті қызметкер жетекші маман болып қызмет бастаса, бүгінде сол бөлімнің сектор меңгерушісі болып еңбек етуде.
Жалпы, Шолпан Жақанова өмірде атақ не қызмет қуған жан емес. Осы уақытқа дейін ғылыми дәреже не атақ алмаған. Бұл оның соншалықты қарапайымдығын аңғаруға болады. Ұжымдастары да оның сол қасиетін жоғары бағалап, тындырымды ісі үшін мадақтап отырады. Білесіз бе, қарапайымдылық талай ұлы тұлғалардың басты қасиеті болған. Мәселен, Ньютон деген пақыр өткен ғой. Әлемді өзгерткен «екінші алманы» жарыққа шығарған ғалым тіптен қарапайым болыпты. Ғалым бір кездері ағылшын палатасында қызмет еткен ғой. Бірақ, палатадағылар қызылкеңірдек болып, әр түрлі мәселені талқыға салып жатқанда Ньютон үнсіз өз тірлігімен айналысып отырады екен. Бірде палата жетекшісі даурығысқандарды тоқтатып, ғалымның көзқарасын білмекке сұрау салады ғой. Сөйтсе Ньютон маңайына бажайлап қарап «терезені жабыңыздаршы, салқын жел соғып тұр» деген екен. Міне, осындай қарапайымдылық Ш.Әбілқызының бойынан табылады. Мұны қайдан аңғардыңыз дейсіз ғой. Редактордың тапсырмасына сай бұл кісі жайында мақала жазу тапсырылған еді. Қолымда кейіпкерім туралы мәлімет болғанмен, өзімен тілдесіп көруді жөн деп шештім. Кездестім де. Сонда аңғарғаным, күнде кездесіп жүрген жандайын ақтарылып, ойындағы талай дүниесімен бөлісе кеткені. Өзіңіз ойлап қарасаңыз, бірінші кездескен жанға ішкі бұлқынысыңызды білдіре қояр ма едіңіз? Жоқ, әрине.
Қай істе де, қай салада да адалдық керек. Адалдық болмайынша жұмыс өрге баспайды. Мұны түйсінген Шолпан Жақанова қолға алған қай тірлікке болмасын сүйіспеншілікпен қарайды екен. Оны өзі де бізге түйсіндіргендей болды.
— Бүгінде педагог мәртебесі біршама көтерілді. Бұрын мұғалімнің жүктемесі де, міндеттемесі де көп еді. Қазір мұның бәрі саладағы жүйелі реформаның нәтижесінде өткеннің еншісінде қалды. Білім саласына жасалып жатқан қамқорлық жетерлік. Мұғалімдердің жалақысы қазір әжептәуір. Мұндай оңтайлы жағдайдан соң кімде болсын жанашырлықпен тер төгуі керек. Айтпақшы, биыл қуанышты жаңалық – әліппеміз балаларға қайта оралды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған құндылығымыз ғой. Жалпы, мұғалімнің міндеті не? Әрбір баланы, әрбір оқушының сауатын ашу ғана емес, адами болмысын қалыптастыру, сол арқылы ұлтты тәрбиелеу. Міне, осы міндетті толық орындағандар ұстаздық деңгейге көтеріледі, — деді кейіпкеріміз.
Ұстаз, ұлт, ұлы, ұлық, ұят. Аса қастерлі сөздер. Бұл мақала арқылы сөз құнын асыруды мақсат тұтып отырғанымыз жоқ. Кейіпкеріміздің болмысын ашуға өзімізше тырысып көрдік. Олай болар себебі де бар. Жуырда Шолпан Жақанова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталды. Ал кейіпкеріміз бұл жетістіктің тек жеке өзіне емес, тұтас ұжымға тиесілі екенін алға тартады. Бұл да қарапайымдылықтың белгісі емес пе?

М.Мақсым