Облыс орталығында 48 жылдық тарихы бар мектеп жөндеуден өтті

Білім мекемелерінің есігі айқара ашылды. Мектептің жүрегі-ұстаздар мен оқушылар қайтадан табысты. Бүгін ел аумағында көптен күткен алғашқы қоңырау соғылды. Білім саласының тамырына нәр жүгірді. Негізгі жемістері саналған балалар алтын ұяларының табалдырығынан аттады.

Алматы облысындағы білім ордаларында да қоңырау үні естілді. Болашақтың тізгінін ұстайтын жастарды қайта құшағына алған мектептің бірі облыс орталығындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы. 1973 жылы іргетасы қаланған ғимарат өзгеше кейіпте оқушыларды қарсы алды. 48 жыл бұрын салынған білім ошағы бірінші рет күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында қолданысқа берілді.
Талдықорған қаласындағы бетке ұстар мектеп оқу жылын 1700 оқушымен бастап отыр. Ал біріші сыныпқа 174 бала қабылданған. Солардың бірі, Айзере Арманқызы.
Алғаш меткеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршін 1 «А» сынып оқушысы атанды. Көзінен нұры төгілген құлыншақтың қуанышында шек жоқ.
«Мен мектепке оқуға келдім. Маған оқу-жазу ұнайды. Өскенде дәрігер болғым келеді. Сол үшін сабағымды тек беске оқимын»,-дейді Айзере.

Күрделі жөндеуден өтіп, кем-кетігі ретке келген оқу ордасының материалдық-техникалық базасы да жаңартылған. Оқушылардың жан-жақты білім алуына бар мүмкіндік қарастырылған. Енгігіде, балалар физика, химия, биология пәндерінен зертханалық жұмыстарын емін-еркін жасай алатын болады. Компьютерлік құрал-жабдықтарменде толықтай қамтамасыз етілген.

« Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында өткен жылы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Наурыз айында толық бітіруіміз керек еді. Бірақ, түрлі себептерге байланысты жөндеу жұмыстары мерзімінен кеш аяқталды. Дегенмен білім күніне үлгердік. Ұстаздар да, ата-аналарда дән риза»,-дейді Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының директоры Самғат Долаев.

Айта кетейік, облыс бойынша бірінші қыркүйек білім күні күні Іле ауданында, Қарой ауылында 900 орындық, Боралдай кентінде 300 бала және Қосөзек ауылында 600 орындық жаңа мектеп салтанатты түрде есігін айқара ашты.
Сондай-ақ, Панфилов ауданы Аққұдық ауылының оқушылары үшін 120 орындық білім ордасында алқашқы қоңырау соғылды. Және де Қарасай ауданының Батан ауылындағы 450 орындық жаңа оқу орыны пайдалануға берілді. 1-қыркүйекте қоңырау үні естілген мектептер қатарын Ескелді ауданының Абай ауылындағы 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталығы бар 180 орындық білім ошағы толықтырды. Ұзын-саны облыс маңындағы аудандарда 6 мектеп қолданысқа берілді.