Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз

Кез келген халықтың ең үлкен құндылығы – елінің тәуелсіздігі. Атабабамыз аңсап өткен тәуелсіздікті қадірлеу, оны бағалай білу – баршамыздың
ең басты парызымыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
биылғы 2021 жылды – «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп айрықша атады.
Рас, былтыр Тәуелсіздік күнін ауыр жағдайда қарсы алдық: әлемді
құрсауына алған коронавирус індеті бүкіл адамзатқа үлкен қасірет әкелді.
Осындай адамзатқа төнген қауіп-қатер үстеген қиындықтарға қарамастан, екі
жыл бұрын мемлекет басшылығына келген Президентіміз Қасым-Жомарт
Тоқаев ел тізгінін мықты ұстап, салиқалы саясатымен көш бастап, өзі уәде
берген саяси реформаларын сабақтастықпен жүзеге асырып келеді. Қиын
сәттерде шыңдала түсіп, Арыс қаласындағы жарылыста, Қордайдағы қақтығыста, ішкі-сыртқы саясаттағы елді елеңдететін текетірестер барысында
өзінің сарабдал саясаткер екендігін көрсете білді. Былтыр пандемияға
қатысты ауыр жағдайда да жұмыссыз қалған халыққа мемлекет тарапынан
қолдау көрсетіліп, көмек қолын созғаны елдің ертеңге деген сенімін оятты.
Пандемия дерті күллі жаһанды жайлаған күрделі сынақ кезеңінде
қиындықты қажырлылықпен еңсеріп, алдымен ел болашағының
бақуаттылығы көзделген зор мақсаттар мен міндеттерді алға қоя білген
Мемлекет басшысының қайраткерлігіне тәнті боламыз. Қазірдің өзінде жер
мәселесі, саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология проблемалары жаңа серпінмен қолға
алынып жатқаны айқын аңғарылады.
Биыл өткен жолымызды зерделеуге таптырмас мүмкіндік туып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында ««Egemen
Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бұл туралы айрықша атап өтті. Алғашқы онжылдық егемендікке
енді ғана қол жеткізген Қазақстандай жас мемлекет үшін оңай болған жоқ,
бұл Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші онжылдықта етек-жеңімізді жиып, шекарамыздың іргесі бекітіліп, ел керегесі
кеңейді, тұғыры нығайды. Енді, міне, үшінші онжылдықта мемлекетіміз шын
мәнінде жаһандық көшке ілесіп, ешбір елден кем болмай, әлемдік саясаттың
төріне оза бастағанына куә болып отырмыз. Осылайша, Қасым-Жомарт
Кемелұлы парасаттылықпен жалғастырып келе жатқан еліміз тәуелсіздіктің
отызжылдық белесіне абыроймен шығып, төртінші он жылдығына нық қадам
басқалы отырмыз.
Қазіргідей тағылымды кезеңнің белесінде өткен ғасырдың 90-
жылдарындағы ел болып бастан өткерген қиындықтарды естен шығармаған
дұрыс. Күрделі кезеңде жаңа мемлекеттің іргесін қалауға атсалысқан бүкіл
халқымыздың ерен еңбегі көрінді. Сол уақытта Елбасы – Тұңғыш Президент
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қысыл-таяң сәттен халқын аман-есен алып
шығып, тәуелсіз мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін биіктетті.
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында:
«Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат –
қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан
сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», деп анық
та нақты атап көрсетті.
Әрбір елім деген саналы азамат ата-бабаларымыз найзаның ұшымен,
білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізді көздің қарашығындай қастерлеуі міндетті. Себебі қасиетті кең-байтақ Жер-Анамыз – аузымызды ақтан
айырмаған, сарқылмас күш-қуат берген, береке-бірлігімізді арттырған құтымыз, ең басты байлығымыз.
Тәуелсіздігіміз баянды болсын