Абылай түсін ақиқат етпейік

Уағында Абылай түс көріпті. Төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылған үш жүзді біріктірген хан Абылай не көрді дейсіз ғой? Ұрпағы бақа-шаянға айналып кетіпті.

Түс – түлкінің боғы дей тұрғанмен, хан бабаның сол түсін ақиқат еткендейміз. Қалай дейсіз бе? Кәдімгідей. Еркектің әйелге, әйелдің еркекке ынты-зар боларлығы табиғаттың заңы. Ал еркектің еркекке, әйелдің әйелге ындыны құруы бақа-шаяндықтың белгісі емес пе? Бақа дегенің де, шаян дегенің де қажетінше жынысын ауыстырып, дүниеге бала әкелер қабілетке ие екенін талайымыз білеміз. Ал мыналардың шаяннан несі артық, бақадан несі кем?

Тірлігінде «адамдығы» жоқ бақа-шаяның қиын-қыстау күн туса ұрпағын қылғыта салар «қасиеті» бар. Қасиет те емес шығар, канибализм. Бақаға көлден су кетсе, аштық туып, жейтін шіркей қалмаса ұрпағының күні қараң. Ал шаянның да тірлігі сол. Бұлардан не айырмамыз бар? Ұрпағына нәпсі қоздыру, болашақтың тұлғасын айдың-күннің аманында қорлау, зорлау Абылай заманында болмаған. Есесіне бүгін бар. Мамандардың айтарына құлақ түрсек, жылына 850 бала қорлық көреді екен. Сенбейсіз бе, көгілдір экран ашып, әлемжелі парақтаңыз. Толған қорлық. Франсиско Гойяның «Өз балаларын жеген Сатурн» картинасына күнде куәміз. Ет шімірікпейді, жүрек дір етпейді. Әбден қанымыз үйреніп алғасын, мұндай ақпарларды елең қылмаймыз. Есесіне қанша ұрпақ «бақа-шаяндықтың» құрбанына айналуда. Қалай сан соқпайсың?

Мына қызықты қараңыз, бақа да, шаян да ұрпағын дүниеге әкелген соң, оларды бағып-қағып әуре болмайды екен. Уылдырық шашты, болды. Әріқарай әр тіршілік өз күнін көруі тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы «Отбасына келердік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойламайды» деп жүз жыл бұрынғы қазақты суреттепті. Ахаң сөзін өзгертер болсақ, соттай қоймас қазіргі адам «өз басына келерлік бәле болмаса, отбасына һәм жұрт басына келерлік бәлені ойламайды». Рас қой. Әйтпесе елімізде 200 мыңнан астам тастанды бала болмас еді. Төбе шаш тік тұратын цифр ғой. 400 мың жарты отбасы бар көрінеді. Сонша бала не әкенің, не шешенің тәлімін алмай өсуде. Негізінен ажырасудан туған сан ғой. Бұрын отбасын тастағанды көкек деуші едік, енді бақа деуге толық негіз бар. Қазақта «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген бар. Келер ұрпақ әкеден не шешеден көргенін істер болса бұл сан әлі талай өспек керек. Сонда хан Абылай тіріліп кеп, ұрпағының «шынын да бақа-шаянға айналғанын» көрер еді!?

Бұл мәселелер қайдан туды деп ойлауыңыз да мүмкін. Жауап та көп.

Өз күніңді өзің көру.

Теңдікті теңестіру.

Бақа-шаяндық жауапкершілікті сезіну.

Міндетсіздікті көзге ілу.

«Өз күніңді өзің көр» деген желеу жақсы болды. Әркім өзінше күнелтуде. Отбасылық құндылықтың жайы есікте емініп, табалдырықта телміріп тұр. Пәленшенің баласынан үлгі алған қазақ бөтеннің баласы деген ұстаным пайда қылды. Өз күнін ит те көрерін білген ұлт ұрпағы едік, ит құрлы ұрпақ үшін айқасудан қалдық. Өз дегеніміз отбасы, шаңырақ, ұрпақ екенін ұмытып, менмендіктің үдесін арттырдық. Өз дегенім – мен, өзге емес дейтін тұлға түздік.

Теңдік қоғам болған қазақта. Әйел мен ер тең тұғын. Бірақ гендірлік саясат әйелді ерден тоздырды, қоғамды солай тоздырды. Қазақ тарихын парақтайықшы, егер ерден әйел кем болса, әйел тұлғалардың есімі «алтын парақтан» өшпек керек еді. Тізгін ұстаған тұлғалар әйелге тәу етпес еді. «Домалақ ана», «Айша бибі», «Ұмай анаға» сыйынбас еді. Орыс өз тілін «родной язык», неміс «ұлт тілі» дегенде, қазақ «Ана тілім» демес еді. Украинда Жер-Ана деген сөз жоқ. Есесіне қазақта бар. «Түлкінің ұланы түз сақтайды, ұрғашысы ін сақтайды» деуші еді. Ерлер түзді ұмытты, әйелдер інді ұмытты. Гендірлік саясатты батыстан алдық, не былық сол батыстан шығуда. Бір жыныстының махабаты, педофилизм, көгілдір, тағысын тағы. Мұндай «теңсіздік» бізге қажет пе?

Жауапкершілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік жүдеп барады. «Балам – болашағым» деуші едік. Қазіргі баланы «кесір» көретіндер, аяққа салған тұсау деп білетіндер шықты. Адам өз жасағанын, өз ісін қаншалықты мақтан көрсе, ұрпақты да мақтан көріп, оның жақсы болмағын да жауапкершілікпен сезінуі тиіс. Қай жануар да ұрпағы үшін басын қауіпке тігеді, тіпті мерт болады. Жануар құрлы жауапкершілік жұмыр бастыға да сондай қажет.

Ұрпақты саналы ету – қай әкеге де, қай шешеге де міндет. Табиғаттың заңы солай. Бөрі баласын аңшылыққа үйрету үшін бөлтіріктеріне тірі жемтік әкеледі екен. Сол арқылы машықтандырады. Сол сықылды ұрпақ әкелу, оны «тұлға» деңгейіне көтеру адамға міндет.

«… Заманың сенің құбылды, текеметтің түріндей, ойлағаны жамандық», — деп жырлапты Шортанбай. Шыныда солай. Бізге бәрі жабысқыш. Не кесел бар, не бәлекет бар бәрі ілмектеп әлек. Бауырмалын қайтерсің. Жағаға жармасқан жау, балақтан тартқан дау жоқ, беймаза қылған соғыс жоқ. Бірақ ауыз айтуға, сана ойлауға арланатын жайлар орын алуда. «Мың дерт болса, соған мың бір дауа бар» деген бар. Тәңір берген дауа мен шипаны әлі таппай жүрміз. Сірә басқа маңнан іздеген шығармыз. Қазақ «Балам – болашағым» дейді. Болашақтың бұлыңғыр болмағы – дені сау, жаны сау, тәні сау, саналы һәм сапалы ұрпақ. Сол үшін әр қазақ аянып қалмауы қажет. Абылай ханның түсін ақиқат етпейікші, замандас!

Дастанбек Садық