Ұлт ұлығы

Тәуелсіздік. Азаттық. Егемендік. Осы үш сөздің төркіні ұқсас, тамыры бір діңге нәр береді. Алайда, шын мән олардың айтылуында. Тәуелсіздік болымсыз сөйлем. Болымсыздық сәл жағымсыздау көрінеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, болымсыз сөз жақсылықтың нышаны емес. Азаттық – рухты сөз. Ақиқаты сол айтылуы да, жазылуы да ұрандатады. Бірақ, бұл да жағымсыз. Кеше құлдықта өмір сүргеніңді көрсетіп тұратындай. Өткенді еске салатындай. Өткенсіз бүгін жоқ дегенмен, өткенге қарманып өмір сүруге де болмас. Қазақ онсыз да кешегісін ұмыт қалдырмайды. Қалдырған да емес. Ал, егемендіктің жайы бөлек. Жүрекке де, тілге де жайлы. Самайдағы құлаққа да жағымды естіледі. Мұнымен не айтпақпыз? Мағынасы бір болғанмен, сөзге мән берген елміз ғой. Айтылар сөздің ырғағы мен әсеріне де бажайласақ.

Ойды ой, сөзді сөз қуады деген, тілдік қолданысымызда қасқыр деген бар, бөрі деген бар. Екеуінің төркіні біреу, биология мынау қасқыр, мынау бөрі деп бөлмейді. Атаулы ғылымда иттәрізділер отрядына жататын, төбет тұқымдастар, тегі қасқыр деген анықтама береді. Сонда қазақ сенген, қазақ тәу еткен бөрі қайда? Қасқыр дегенің бөрі, тек қасиеті бар қасқыр. Жаңылтпаш болып кетті ме? Жануарда қасиет болушы ма? Әрине, бар тіршілікке өзіне тән қасиет болады. Қасқырды да бөрі ететін қасиеті. Тағы бір мысал, танымымызда жігітке берер екі баға бар: ер және ез. Жігітті ер ететін де, ез ететін де қасиеті. Мұнымен не айтпақпыз, сөз мәніне тоқтау туралы тағы бір пайым.

Сөз басы егемендіктен шықты ғой, соған оралайық, Уильям Уоллес есімі таныс па? Білмесеңіз айтайық, Шотландияның егемендігі үшін күрескен тұлға. Басқа күрескерлерден оны ерекшелейтін несі бар? Рас, тарих дегенің отарлаушылар мен бостандық үшін күресушілердің қанымен жазылды емес пе? Қай тарихи оқиға болмасын осы екі кейіпкердің қарекетіне түзілді. Уильям Уоллестің есімі немен ерекше? Кейіпкердің ақырғы сөзі «бостандық» болған екен. Тарқатайық, 1297 жылы У.Уоллес көтеріліс бастайды. Мақсат – Англиядан егемендік алу. Патша меншігін кімге бөлшектесін, көтерілісшілермен аянбай айқасады, айлаға барады, сатқындық істетеді, Уоллесті қолға түсіреді. Сарайдың халық жиналар айлағында көтерілісшіні жазалау басталады. Уоллестен «кешірім сұрап, бірден өлтіруді таңда» дейді. Ал, шотландық бостандықтың оңай келмесін біледі ғой. Патша жендеттері жазаны бастағанда дымын шығармай жатты. Бар күшін соңғы демге сақтады. Жендеттер Уоллестің ішін ақтара бастағанда, кейіпкеріміз «бостандық» деп айқайлаған екен. Сатқындық болмағанда Уильям Уоллес әлемдегі тағы бір егемен елдің негізін қалаушы еді.

Біздің тарих та мақтана алмайтын, мақтанғанмен баба жұрттың басын жұтқан қанды оқиғаларға толы. Патшалық Ресей мен қанқұйлы КСРО-ның уысынан шығу үшін 300 жыл ішінде неше мәрте бұлқындық. Неше мәрте айқастық. 300-ге жуық еңсемізді көтеріп, езілген жұртқа болыспаққа ұмтылдық. 300 мәрте бостандық үшін «ауыздықпен су ішіп, саптама етікпен су кештік». Сол ұлтарақтай жердегі құмырсқаның илеуіндегідей халық үшін, бәлки, құмырсқаның илеуіндегілер бізден көп болар, сол халықты азат етуге ұмтылғандардың қатарында Уильям Уоллестің ерлігін он орайтын арда тұлғаларымыз болды. Хан Кененің он жылдық арпалысы, Сырым батырдың айқасы, Махамбет пен Исатайдың бұлқынысы, Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс, ақырғысы 1986 жылғы қанды Желтоқсан оқиғасы, бәрі-бәрі бұғаудан босаудың қарекеті еді. Байқап қарасақ, Ұлы даланы мекен еткен ұлттың қанында «бостандық» толқыны тулап жатқандай. Өйткені, кез келген елді алып, тарихын сараптасаңыз, үш ғасырға жуық уақытта осынша мәрте бұлқынып көрмепті. Сенбесеңіз, таразылаңыз, пайымдаңыз. Қазақ сөзінің төркіні де – азат болуға, бөлек ел болуға ұмтылған дегенді білдіретінін өткенді саралаушылар айтып жүр.

Хош, әйтеуір егемендікті алдық. Оңай келмеді егемендік. Желтоқсанның қылышынан қаһар төгілген сәтте қазақ жастары ыдырамастай көрінген, тұғыры биік көрінген коммунистік идеологияның іргесін сөкті, құрсауын бұзды. 15 мемлекеттің егемендігін жариялауға 1986 жылдың «Қанды желтоқсаны» себепкер болды. Мұны ТМД елдерінің өкілдері де уақыт өткен сайын мойындап келеді.

Бүгінде егемен елміз. Бой тіктеп, егемендіктің жалауын желбіретіп жүрген жайымыз бар. Қай кезде де айтарымыз, ең бастысы, егеменбіз ғой. Расында солай. Қазір дамыған елдердің, айтулы отыздықтың қатарына кірмекпіз. Жанталасып, жағаласып жүрміз. Егесуге де, күресуге де уақыт жоқ. Тістесіп, артынып-тартынып кіріп алмақпыз. Талайды мойындаттық, әлі де мойындата түсеміз. Бірақ, осы ретте сана төрінде сұрақ туындайды, біз егемендіктің қадірін біліп жүрміз бе?

Бір танысымның баласы қанаты сынған көгершінді үйіне әкеліпті. Әкелі-балалы екеу әлгі құстың сынған қанатын ағаш салып байлап тастапты. Балапан құс болса керек. Қолға тез үйренген ғой. Баласы қорап ішіне қойып, қолдан жем береді. Су береді. Әлгі құс тез жазылды. Қыс жақындағанда бостандыққа жіберетін болған. Сусып қанатын қаққан құс әудем жерге ұшып кетеді. Әкелі-балалы екеу миссиясын орындадық деп, үйге кірмей ме, әлгі құс есік алдын торуылдап жүріпті. Содан бері бірнеше жыл өтті. Әлгі көгершін танысымның қолынан жем жеп кетуді әдетке айналдырған. Ұзап кетпейтін көрінеді. Танысым баласына мысық әперген екен. Бала мысық есік алдын торыған көгершінді ұстап әкеліпті үйге. Қолға үйренген көгершінді ұстау да қиын болмаған мысыққа. Тәуелділікке үйренген кептердің ақыры осылай бітті.

Болмашы мысалдай көрінер, бірақ қазір қазаққа қажеттісі сананың тәуелсіздігі. Мұса пайғамбарды білмейтін мұсылман жоқ шығар. Пайғамбар Мысырдан алып шыққан халқын қырық жыл ертіп жүріпті. Еш жерге орнықпай, еш жерге табан тіремей. Қырық жылдан соң ғана қасиетті жерге қоныстанады. Қырық жыл ішінде халық құлдық санадан арылып, дүниеге жаңа ұрпақ келді. Мұса пайғамбар оларды өзі тәрбиелейді. Сананы бостандыққа үйретуге қырық жыл кеткен. Қырық дегеннің өзіндік мәні жоқ емес. Оны тарқатып жатудың да қажеті шамалы, бастысы сананың бостандыққа үйренуі.

Осындайда ұлт ұстазы, Ахмет Байтұрсынұлының сөзі ойға оралады. «Біздің заманымыз өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес», — дейді Ахаң. Шынын да солай, егемендікке қол жеткеннен кейін қарымды қарекет керек. Келер заман үшін. Бала заман үшін. Абай айтқандай, «ақылға бірлік» қылып, тұрмысты жұрт қылғаннан асыра тірлік еткенге бейімдеу керек. Қарекетсіз де емеспіз. Мысалы, нарықтық қатынаста тауарға тәуелділік деген бар. Импортқа иек артқан ел тәуелді. Қазақ елі КСРО құрамындағы шикізат базасы болды. Ел тәуелсіздігін алғалы бері импорттан құтылудың қамына ептеп кірістік. Алайда, экспорттан гөрі әлі де импортымыз көп. Ол үшін қайтпек керек, дайын өнім шығаруға бейімделу қажет. Елбасының бастамасымен кәсіпкерлікке «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» туды. Дайын өнім шығарып, ішкі сұранысты толық қамтамасыз еткенде ғана экономикалық тәуелсіздік аламыз. Ойды ой қуадының кері, «Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұрттың да өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ» — дегенді айтты Міржақып Дулатұлы. Сол үшін ғылымды игеру қажет, ілімді игеру қажет. Ілім мен ғылым игергендердің озғанын бүгінгі күн дәлелдеп жатыр. Мәселен, бұрын баба жұрт бір түйір кәмпитке бір қойды айырбастаса, бүгінде бір түйір құрылғыға бір жылқысын айырбастап жүр. Сенбейсіз ғой, жуырда ауыл жігітінің техника сататын дүкеннен соңғы үлгідегі жарты алмалы телефон алғанын көрдік. Құны 600 мың теңге. Сатушыға айтқаны: «iPhone 12-ні алу үшін бір жылқыны саттым ғой». Қараңызшы, тәуелділік неге жеткізді? Қарап отырмай, шетелдік компанияны, ақылға бірлігі бар шетел азаматын байытты да қойды. Сондықтан, бізге өнер-білімді игеру керек-ақ.

Егемендік жай келген жоқ. Энциклопедист Джеймс Минаханның дәлеліне сүйенсек, әлемде 300-ден аса ұлт мемлекет болуға қауқарлы. Бірақ жері жоқ. Ал, бізде асты қазба байлыққа, беті жазба байлыққа толы ұлан-ғайыр жер бар. Бастысы егемендік бар. Бізге қажеттісі осы егемендіктің қадірін біліп, қасиетін ұлықтау. Ұлт ұлығының 30 жылдығы құтты болсын, ағайын!

Д.САДЫҚ