Еліміз егемендік жолында небір бұралаң жолдармен жүріп, қилы кезеңдерді бастан өткерді. Соның бәрінде бірліктің үлгісін көрсетіп, азаттық жолында аянбады. Нәтижесінде, ұрпағымыз бейбіт күннің астында күліп-ойнап, мәз-мейрам болып жүр. Бізге аманат болған осынау егемендіктің қадірін келешек ұрпақ еш ұмытпауы тиіс.
Қазақстан – ғарышты бағындырған ел. Біздің тұсымыздағы бүлдіршіндердің, бізден кейінгі балалардың да арманы әуеден жер шарын тамашалау және аспандағы басқа да қызыққа толы «сиқырлы» әлемді көру болды. Ол әркімнің маңдайына жазыла бермейтін үлкен бақ. Ал ол бақ – тәуелсіз қазақтың баласына әлі талай бұйыратындығына сенемін. Өйткені, егемен еліміз сан салаға жол ашып, көптеген іске құлаш ұрды, білмекке ұмтылды.
Бүгінде қазақтың әр баласы білімді, өз ісінің шебері. Оның бәрі – тәуелсіздік жемісі. Ата-бабамыз осынау саналы ұрпақ үшін, олардың тыныш ұйқы, риясыз күлкісі үшін жанын қиып, маңдай терін төкті. Бізге аманат болған егемендіктің қадірін түсінсек, ел игілігі жолында еңбек істеп, оның нәтижесі оңынан болса – үлкен жетістік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек», – дегені бар.
Қазақ ғарыш тарихы үшін үш қыран аз. Келешекте інілерімнің әуеден елге сәлем жолдап тұрғанын көргім келеді. Тәуелсіз ел тарландарының амбициясы мықты, білім көкжиегі кең. Сондықтан да олардың алар асуының да биік болатындығына сенімім мол!
Айдын АЙЫМБЕТОВ,
Халық Қаһарманы, ғарышкер