Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде колледждерге 7149 адам қабылданады

Облыста 76 кәсіптік білім беретін мекеме бар, оның 43-і мемлекеттік мекемелер, 4-уі жабық мекемелерде орналасқан, 33-і жекеменшік. Өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары 75 мамандық 133 біліктілік бойынша білім береді.
«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының аясында 2020-2021 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге 7149 адам қабылдау жоспарланды, оның 1535-і «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде оқуға түседі.
«Жергілікті бюджет есебінен 5614 адам оқуға қабылданады. Оның 3410-ы жұмысшы және 2204-і – орта буын мамандықтары бойынша білімін жетілдірмек. Мемлекеттік тапсырыс 47 колледжге орналастырылады, 22-сі орта буын мамандарын даярлайтын болады»,-деп атап өтті Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова.
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министірлігі колледждерге түсуші үміткерлерге арнап арнайы квота бөлген. Тарқатып айтар болсақ:
1) I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін-1 пайыз;
2) жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге теңестірілген адамдар үшін – 0,5 пайыз;
3) ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін — 30 пайыз;
4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз;
5) жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай – ақ, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын-1 пайыз;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін – 10 пайыз;
7) төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балалар-5 пайыз;
8) осы мәртебесі кемінде үш жыл Толық емес отбасылар қатарындағы балаларға-1 пайыз;
9) бала кезінен мүгедек балаларды, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға-1 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Орта білім ордаларына құжаттар күндізгі оқу бөліміне — 25 маусымнан — 25 тамызға дейін, ал оқудың кешкі және сырттай бөліміне — 25 маусымнан — 20 қыркүйек аралығында қабылданады.

Колледждерге түсу үшін өтініш беру мемлекеттік қызмет болып табылады. Сондықтан, талапкер немесе оның ата-анасы колледжге немесе «электрондық үкімет» веб-порталына жүгінеді және «техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес құжаттар топтамасын ұсынады.