Жас мамандарға тәлімгерлік көмек білім сапасын арттырудың кепілі

Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.

Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ.

«Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры-ұстаздардың қолында» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, озық ойлы, ұшқыр қиялды, жаны жайсаң, кең жүректі білікті ұстаздардан білімді де білікті шәкірттер шығатыны өз-өзінен түсінікті.

Жас маманмен жұмыс – жас маманның кәсіби және тұлғалық дамуының қайнар көзі болғандықтан, білім беру үдерісіндегі маңызды жұмыстардың бірі. Білім беруде нәтижеге жету оңай жұмыс емес. Білім беру міндеті білім сапасын көтеруді мақсат етіп қояды. Педагог алға қойған мақсатқа жету үшін үнемі шығармашылықпен жұмыс жасап, педагогикалық құзыреттілігін дамытып отыруы қажет.

Мұғалім болып мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өмір бойы білім алу, өмір бойы үйрену бұрынғыдан артпаса, кемімейді. Соның ішінде әріптестеріңнен үйрену, тәжірибе арқылы үйрену мықты құралың болады. Жас маман болып мектебімізге келген мұғалімдерімізге педагогикалық та, психологиялық та, әдістемелік те қолдау көрсету сол ұжымның ішіндегі тәжірибелі ұстаздарға жүктелген аса жауапты міндет.

Қазіргі таңда мектепке келген жас мамандар жаңа технологияны жақсы меңгергенімен, теориялық білімі жақсы болғанымен әдістемелік және психологиялық жағынан қолдауды қажет етеді.

Биылғы оқу жылында мектебімізде он жас маман жұмыс істейді. Мектеп ұжымы жас маманның ең бірінші ұжымда бейімделе алуына назар аударады. Мектептің жас мамандармен арнайы жұмыс жоспарына сәйкес жүйелі жұмыс жасай отырып, қиындықтардың алдын алып отырады.

Кез келген кәсіби ортада жылдар өткен сайын ұжым мүшелерінің ауысуы – заңдылық. Егер жаңа келген буынды жақсылап педагогикалық тұрғыдан қаруландырмаса, болашаққа балта шабылатыны ақиқат. Жас мамандармен толық жұмыс барысын қамтитын жұмыс жоспары құрастырылды. Олар бірнеше бағыттардан тұрады: оқу бағдарламасымен танысу, түсініктеме хат, тақырыптық-күнтізбелік жоспар, оқулықтармен, әдістемелік әдебиеттермен танысу, сабақ жоспарын дайындау, электронды журналымен жұмыс.

Мұғалім – мұғалім сабақтастығы барысында жас мамандардың тұлғалық ерекшелік қасиеттерімен бірге ұстаз ретіндегі педагогикалық ұстанымдары мен біліктілік, білімділік, шығармашылық шеберліктерінің артуы мен жан – жақты дамуына көмек қолдарын созуымен қатар, дамуына да көмекпен үлестерін тигізіп келеді. Олардың ұстаз тұлғасы ретінде қалыптасуы және бар тәжірибесінің іс жүзінде іске асырылуы үшін жан – жақты жағдай қарастырылған. Мұндай педагогикалық өсу үшін тәжірибелі ұстаздар тарапынан әдістемелік көмек қажет. «Ұстаз – жас маман» арасындағы қарым-қатынас әріптестік бағытта қарастырылған. Әр жас маман үшін тәжірибелі ұстаз бекітілген . Әдістеме бірлестік жетекшілері жас мамандар және жұмысқа жаңа орналасқан мұғалімдермен жұмыс жасаудың жоспарын жасайды. Жас мамандармен ұлағатты ұстаз арасындағы сабақтастық мектебіміздің жыл бойына қаланып келе жатқан дәстүрін жалғастыру мақсатында көп көмек беріп келе жатыр. Біршама педагогтардың жоғары сапалы сабақтары, білім сапасының жоғарылауы, пәнге деген, мектепке деген қызығушылықтың артуы жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын байқатады.

Қазан айында жас мамандарды мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиналыста мұғалімдікке қабылдау рәсімі өткізіліп отырады. Жас мамандар мектепте тәлімгерлердің көмегімен бейімделу уақытынан өткеннен кейін кезең-кезеңімен әдістемелік дайындық жұмыстарын бастайды. Тәлімгерлері жас мамандардың сабағына, жас мамандар тәжірибелі ұстаздардың сабақтарына қатысып отырады. Сабаққа қатысуды талдау әдістеме отырысында жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда жан-жақты білімді, өз істерінің білгірлері болғысы келетін жас ұстаздар бар. Олар түрлі сайыстарға қатысып, өздерінің жетістіктерімен көзге түсіп жатады. Біздің мектепте де осындай жас мамандар баршылық. Атап айтар болсақ, өткен оқу жылында мектебімізге жоғарғы оқу орнын бітіріп, алғаш мектеп табалдырығын аттаған Есенбекова Әйгерім аудандық жас мамандар байқауынан Бас жүлдені жеңіп алып, облыстық байқауда жүлделі үшінші орынды иеленді.

Мектепке келген жас мамандар мектеп қабырғасына жаңадан келгендіктеріне қарамастан аудандық іс-шараларға, мектептің сабақ, сыныптан тыс іс-шараларына өз үлестерін қосып жатыр. Қараша айында өткен аудандық жас мамандар мектебінің отырысында жас маман Таменова Шахерезада әріптестерімен өз іс-тәжірибесімен бөлісті және он минуттық бейнесабақ жасап, сабағы ютуб каналына жүктелді. Сонымен қатар, мектепте өткен пән апталықтарында Кәдірхан Орынгул, Уйсипбек Аргын, Қылышбек Айбек, Есенбекова Айгерим, Мамырбаева Мөлдір өздерінің алғашқы ашық сабақтарын көрсетіп, әріптестерінің кеңестері мен көмектерін алды.

Ақпан айында мектепішілік жас маманның кәсіби қызметіне табысты енуіне қолдау көрсету мақсатында «Жас мамандардың кәсіби өсуіне қолдау» атты интеллектуалдық байқау өткізілді. Бес бөлімнен тұратын байқау барысында жас мамандар өздерінің үлкен дайындықпен келгендігін және кәсібін сүйетін маман екендерін көрсете білді. Ерекше білім мен білігін, шеберлігін танытқан қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Асылбекова Мадина Келісқызы 1-орынды иеленсе, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Есенбекова Айгерім Асхатқызы 2-орынды, ал математика пәнінің мұғалімі Уйсипбек Арғын 3-орынды жеңіп алды.

Осындай өз нәтижесін беретін түрлі іс-шаралар негізінде жас мамандарымызға әдістемелік көмек үздіксіз беріліп отырады. Аталмыш шаралар жас мұғалімдеріміздің ұстаздық болмысын қалыптастырып, біліміне білік қоса түседі деген ойдамыз.

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы.