КӘСІПОДАҚҚА СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағындағы ерекше жетістіктері үшін Бижамал Бекеновна Құлбекова «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Марапатты денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған филиалының төрағасы Асан Мұқанұлы Шалтабаев ресми түрде өзі табыстады.
Еліміз тәуелсіздік алған 29 жыл ішінде ынтымақты ұран, татулықты ту ете отырып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Соның ішінде медицина саласы да қарыштап дамып келеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласының даму деңгейі әр ақ халатты жанның қосқан
үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты.
Бижамал Құлбекова – ШЖҚ «Ескелді аудандық орталық ауруханасы» МКК Алдабергенов ауылының дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі, жалпы практика дәрігері. Алғашқыда ауылдық дәрігерлік амбулаторияда терапевт болып жұмыс істей бастаған, кейін 2000 жылдан бастап Алдабергенов ауылының дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі болды. Бірнеше рет облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, «Нұр Отан» партиясының мақтау қағаздарымен марапатталған. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Қазақстан денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының «Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.
Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің
жауапкершілігі орасан. Бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен күресте дәрігерлердің табандылығы осының айшықты дәлелі деуге болады.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.