ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ МЕН ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ — РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ

1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында Шестаков атындағы орта мектебінің акт залында атақты тарихи тұлғалар мен олардың жетістіктерінің құрметіне «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараны аудандық білім бөлімі, аудандық ішкі саясат бөлімі, Шестаков атындағы орта мектебі  және «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Ашылу салтанатында алғы сөз «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің директоры Ахат Ұзақбаевқа берілді. Ахат Сатыбалдыұлы ақпараттық технологиялар дамыған заманда жүзбе-жүз кездесулердің маңызы зор екенін айтып өтті: «Алмағайып заманда ұлылардың ұлы істерін дәріптеп, ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету – біздің мақсатымыз. Осындай тағылымы мол іс-шараны өткізуге атсалысқан аудандық білім бөліміне, аудандық ішкі саясат бөліміне және Шестаков атындағы орта мектептің ұжымына зор алғысымды білдіремін», – деді.

Шестаков атындағы орта мектебінің ұстаздары А.Кәріпбаева, Б.Түсіпова, Т.Молдахметовалар ұлы даланың жеріне із салған атақты тұлғалардың өміріне, шығармашылығына және ұлы істеріне тоқталды. Мектеп оқушылары тақырыпқа сай өлеңдерді нақышына келтіріп оқыды, ән орындады. «Аяна» би ансамблі мың бұрала би билеп, келген қонақтарға керемет атмосфералық көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында Шестаков атындағы орта мектептің директоры Надира Смағұлова қазақ халқының адамзатқа ортақ ұлы тұлғаларының есімін, рухани мұрасын ұлықтау мақсатында осындай іс-шаралардың берер пайдасы көп екенін айтты. Сонымен қатар, келген қонақтарға алғысын айтып, олар үшін мектептің есігі әрдайым ашық екенін жеткізді.

Іс-шара барлық санитарлық талаптарды сақтап өткізілді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.