ЖАҢАРҒАН ЖОЛ, ЖАНДАНҒАН ЖҰМЫС

Биыл Ескелді ауданының және оған қарасты ауылдардың көшелерінің  жол құрылыстарына 1 млрд 353005 теңге қаражат бөлінді. Жол жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. Жаз айынан басталған жол құрылыстардың бірқатары пайдалануға да берілді.

Қарабұлақ ауылының Алдабергенов көшесі (аудан орталығынан қалаға қарай бағытталатын жол)көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінде жөндеу жұмыстарының бір бөлігі аяқталса, екінші бөлігінде қызу жүріп жатыр. Бұл жерде жаяу жүргіншілер жолына арналған бөлігі бірнеше метрге ұзартылып, көлікке арналған басты жолдың қысқартылып жасалып жатқаны автокөлік жүргізушілеріне біршама қиындық тудырған еді. Алдағы уақытта автомобиль жолдарына 2 метр жол қосылып, бұрынғы қалпына келтіріледі. Екі жақ тарапқа да ыңғайлы болатын жұмыстар қайта қаралып жатыр.

Бұдан басқа Алдабергенов, Байысов, Өтенай, Екпінді, Жетісу, Шымыр, Жалғызағаш, Абай, Бақтыбай, Қарабұлақ, Елтай ауылдарында орташа жөндеу жұмыстары аяқталса, қиыршық тас төсеу Алдабергенов, Қарабұлақ, Тамбала, Жалғызағаш, Сырымбет ауылдарында жасалды. Орташа жөндеу  жұмыстары барлығы 17 шаршы шақырымды қамтыса, қиыршық тас төсеу жұмыстары 72 392 шаршы шақырым жолға жүргізілген.

Жөндеу жұмыстарын «Талдықорған Архитектура», «КазИнвестStory», «Жетісу жол құрылыс» және т.б. осындай мердігер компаниялары жүргізіп жатыр. Олардың бірқатары конкурста жарияланған қаражатты үнемдеген. Мысалы, Алдабергенов ауылында Қарабаев көшесін орташа жөндеуден өткізген «Талдықорған Архитектура» ЖШС 44840 теңгені бюджетке қайтарған.

 

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА