Алмалы ауылында 150-ге жуық тұрғын бір мезетте дауыс берді

Қаратал ауданына қарасты Алмалы ауылында тұрғындар сайлау учаскесіне ұйымшылдықпен келіп, жаппай дауыс берді. Байшегір ауылдық округіндегі №155 сайлау учаскесіне таң сәріден жиналған ауыл азаматтарының қатарында аға буын өкілдері де болды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Ауыл ақсақалдары бастаған 150-ге жуық тұрғын бір мезетте дауыс беріп, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Тұрғындардың осылайша бірлесе келуі ауыл өміріндегі маңызды оқиғаға деген ортақ жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды аңғартты.

Алмалы ауылының тұрғыны Түгелбай Ариновтың айтуынша, елді мекеннің берекесі мен бірлігін сақтау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан ауылдастар болып бірге келіп, өңірдің тұрақты дамуы мен келешегі үшін өз таңдауларын жасаған.

«Ауылымыздың берекесі мен бірлігі – бәрімізге ортақ құндылық. Бүгін ақсақалдар мен ауылдастар болып бірлесе келіп, өңіріміздің орнықты дамуы мен жарқын болашағы үшін өз дауысымызды бердік», – дейді Түгелбай Аринов.

Шалғай ауыл тұрғындарының белсенділігі – ел өміріндегі маңызды бастамаларға бейжай қарамайтындықтарының белгісі. Ал аға буынның бастамасымен қалыптасқан осындай ұйымшылдық кейінгі ұрпаққа да өнеге болары сөзсіз.