Жетісуда қоғамдық көлік паркі жаңартылуда: қалаішілік бағыттарға 33 жаңа автобус шықты

Жетісу облысында қоғамдық көлік парктері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Осы жылдың басынан бері тұрақты бағыттарға қызмет көрсету үшін лизинг арқылы сыйымдылығы мен модификациясы әртүрлі 33 жаңа автобус сатып алынды. Парктерді жаңарту жолаушылар тасымалының сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, тұрғындар үшін жол жүруді жайлы әрі қауіпсіз етуге, сондай-ақ көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сатып алынған автобустардың 19-ы Талдықорған қаласында, 4-еуі Текелі қаласында, 8-і Ескелді ауданында, 2-еуі Қаратал ауданында.

Атап айтқанда, облыс орталығында автобус паркін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бірінші кезең аясында қалаға 2024 жылы отандық зауытта шығарылған «Falcon Eurobus» маркалы 19 жаңа автобус жеткізілген болатын. Қазіргі кезде олар №5 және №13 қалалық бағыттарға қызмет көрсетуде. Оның 7-еуі бір бағытта, қалған 12-сі екінші бағытта қатынайды.

Жолаушылар да жол қатынасы жағдайының жақсарғанын айтады.

«Өте қуаныштымыз. Бүгін алғаш рет жаңа автобуспен жүріп келеміз. Іші кең, таза әрі ыңғайлы», – дейді тұрғындар.

Ұзындығы 12 метр болатын әр автобус 70 жолаушыға арналған, оның ішінде 30 отыратын орын қарастырылған. Электробустар кондиционермен, дыбыстық және визуалды хабарлау жүйесімен жабдықталған. Еденінің төмен орналасуы, арнайы пандустары жолаушылардың, соның ішінде жүріп-тұруы қиын азаматтардың көлікке мінуі мен түсуіне қолайлы.

Жаңа көліктің басты артықшылықтарының бірі – олар электр қуатымен жүреді. Соның арқасында автобустар қозғалыс кезінде атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды. Толық қуатталған аккумулятормен 250 шақырымға дейін жол жүре алады.

Қала тұрғындарының айтуынша, қоғамдық көлік паркінің жаңаруы күнделікті қатынау үшін автобустардың қолайлылығы мен тартымдылығын арттыра түскен. «Өте жақсы. Автобустар заманауи, жайлы. Қазір қатынау әлдеқайда қолайлы», – дейді қала тұрғындары.

Сонымен қатар Талдықорған қаласында маршруттық желіні жетілдіру жұмыстары да жүргізілуде. Қабылданған шаралар бағыттардың тасымалдау қабілетін арттыруға, көлік күту уақытын қысқартуға, қарбалас уақытта автобустардағы жүктемені азайтуға және тұрғындардың күнделікті қатынауын жақсартуға жағдай жасайды.

Жалпы, бүгінде Талдықорған қаласында 27 қалалық бағыт бар. Оларға 200-ден астам автобус тартылған. Алдағы 2–3 жылда қаладағы автобус паркін толық жаңарту жоспарланып отыр.

Қоғамдық көлік паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары облыстың өзге де қалалары мен аудандарында жалғасын табады. Бұл жолаушылар тасымалының сапасын біртіндеп арттырып, тұрғындарды заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Олжас Құрмашев